Ластанған ауа мен радонның әсері кезіндегі өкпе обырының алдын алу

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Өкпе обырының себептері туралы сөз болғанда, көпшілік ең алдымен темекі шегуді еске алады. Алайда атмосфералық ауаның ластануы мен радон да денсаулыққа елеулі қауіп төндіретін факторлар болып табылады.

Өнеркәсіп кәсіпорындарының жұмысы, көлік құралдарының қозғалысы және отынның жануы нәтижесінде түзілетін ластанған ауаның ұсақ бөлшектері өкпеге терең еніп, созылмалы қабыну үдерістерін туындатады және онкологиялық аурулардың даму қаупін арттырады. Қатерлі ісіктерді зерттеу жөніндегі халықаралық агенттік ауаның ластануын канцерогендік фактор ретінде таныған.

Радон да кем түспейтін қауіпті фактор болып табылады. Ол – иісі мен түсі жоқ табиғи радиоактивті газ, тұрғын үй-жайларда жиналуы мүмкін. Радонның негізгі көзі – жер қыртысы қатпарлары. Ол тау жыныстары мен топырақ құрамында аз мөлшерде кездесетін уран мен радийдің табиғи ыдырауы нәтижесінде түзіледі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша, радон өкпе обырының негізгі себептерінің бірі болып табылады және темекі шекпейтін адамдар арасында осы аурудың басты себебі саналады.

Алдын алу шаралары

Ең алдымен ластанған ауаның әсерін барынша азайту қажет. Қолайсыз метеорологиялық жағдайлар қалыптасқан күндері, әсіресе балаларға, егде жастағы адамдарға және тыныс алу жүйесінің созылмалы аурулары бар адамдарға көшеде ұзақ уақыт болуды шектеу ұсынылады. Тұрғын үй-жайларда ылғалды тазалау жұмыстарын жүргізіп, бөлмелерді тұрақты түрде желдетіп отыру пайдалы.

Радон деңгейінің рұқсат етілген шектен асқаны зертханалық түрде расталған жағдайда, оның халық денсаулығына әсер ету қаупін төмендету үшін тұрғын және өндірістік ғимараттардағы желдету жүйелерінің тиімді жұмысын қамтамасыз ету, іргетастардағы, жертөле қабырғаларындағы және инженерлік коммуникациялардағы жарықтар мен өзге де ақауларды уақытылы жою, сондай-ақ үй-жайлар ауасындағы радон мөлшеріне тұрақты бақылау жүргізу қажет.

Халықаралық тәжірибе радонның жоғары концентрацияларын дер кезінде анықтап, жою онкологиялық аурулардың даму қаупін едәуір төмендетуге мүмкіндік беретінін көрсетеді.

Алдын алудың маңызды шараларының бірі – темекі шегуден бас тарту. Ластанған ауа мен радонның әсерінен қорғанудың ең заманауи тәсілдерінің өзі темекі түтінінің зиянды ықпалын толық азайта алмайды. Салауатты өмір салты, дене белсенділігі, дұрыс тамақтану және профилактикалық медициналық тексерулер онкологиялық аурулардың даму ықтималдығын төмендетуге және өкпе саулығын ұзақ жылдар бойы сақтауға көмектеседі.

Өкпе обыры – емдеуден гөрі алдын алу әлдеқайда тиімді аурулардың бірі. Сондықтан өмір сүріп, еңбек ететін ортамыздағы ауаның сапасына назар аудару әр адамның денсаулығын сақтауға бағытталған мәдениеттің маңызды бөлігіне айналуы тиіс.

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/departament-kkbtu-karaganda/press/news/details/1247418?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version