Бүгінде мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі – арнаулы әлеуметтік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру болып табылады. Осы міндетті іске асырудағы маңызды қадамдардың бірі ретінде 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдарды міндетті лицензиялау енгізілді.
Лицензиялаудың негізгі мақсаты – қызмет көрсету сапасының бірыңғай стандарттарын қамтамасыз ету, қызмет алушылардың қауіпсіздігін арттыру және осы саладағы мемлекеттік бақылауды күшейту.
Қазіргі уақытта Ақтөбе облысында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін 29 ұйым жұмыс істейді. Олардың барлығы тиісті лицензияларға ие болып, 3600-ден астам азаматқа көмек көрсетуде. Ең көп сұранысқа ие қызмет түрі – үй жағдайында көрсетілетін қызметтер. Бұл қызметтермен 2240-тан астам адам қамтылған.
Лицензиялау – әлеуметтік қызметтердің қауіпсіздігін, сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік реттеудің маңызды тетігі. Лицензияның болуы ұйымның белгіленген біліктілік талаптарына сәйкестігін, қызмет көрсету үшін қажетті жағдайлардың, кадрлық әлеуеттің және материалдық-техникалық базаның болуын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтауын растайды.
Департамент лицензиялау алдындағы жұмыстарға ерекше көңіл бөледі. Бұл қызмет ұйымдардың белгіленген талаптарға сәйкестігін бағалаумен қатар, әлеуетті лицензиаттарға әдістемелік және консультациялық қолдау көрсетуге бағытталған. Департамент мамандары кәсіпкерлік субъектілері мен мемлекеттік мекемелер арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, құжаттарды дайындау, объектілердің қолжетімділігін қамтамасыз ету, білікті мамандармен штаттық құрамды толықтыру және арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету процесін ұйымдастыру мәселелері бойынша кеңес береді.
Департамент лицензиялау тетіктерін жетілдіру, мемлекеттік қызметтердің ашықтығы мен қолжетімділігін арттыру, сондай-ақ арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету саласында қызмет жүзеге асыратын ұйымдарға жан-жақты әдістемелік қолдау көрсету бағытындағы жұмыстарын жалғастыруда.
Лицензиялау – заңнаманың міндетті талабы ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік қызметтердің жоғары сапасын қамтамасыз етудің, қызмет алушылардың құқықтарын қорғаудың және жалпы халықты әлеуметтік қорғау жүйесінің тиімділігін арттырудың пәрменді құралы. Мемлекет, қызмет көрсетушілер және қоғамның бірлескен күш-жігері әлеуметтік қолдауға мұқтаж әрбір азаматтың сапалы әрі кәсіби көмекке уақытылы қол жеткізуіне мүмкіндік беретін жағдайларды қалыптастыруға ықпал етеді.
Ғалым Тұрсынбаев
Ақтөбе облысы бойынша Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті департаментінің басшысы
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek-aktobe/press/news/details/1247619?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау