2026 жылғы 22 маусымда Махамбет ауданы әкімдігі жанындағы әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі аудандық үш жақты комиссияның кезекті отырысы өтті.
Жиынға Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінің еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғауды бақылау бөлімінің бас маманы С. Убигалиева қатысты.
Отырыс аудан әкімінің уақытша міндетін атқарушы Махамбет Ербөлектың төрағалығымен өтті. Отырыс барысында күн тәртібіне сәйкес бірқатар маңызды мәселелер қаралды. Атап айтқанда, «Махамбет аудандық ауруханасы» ШЖҚ КМК және «Таза Махамбет» ШЖҚ КМК мекемелеріндегі мүмкіндігі шектеулі азаматтардың еңбек жағдайлары, сондай-ақ Жалғансай орта мектебінде еңбек ететін ерекше қажеттілігі бар қызметкерлердің жұмыс жағдайлары туралы баяндамалар тыңдалды.
Сонымен қатар, 2026 жылы аудан бойынша жаңа жұмыс орындарын ашу, тұрғындарды жұмыспен қамту, бос жұмыс орындарын электрондық еңбек биржасы (Enbek.kz) арқылы орналастыру мәселелері сөз болды.
Күн тәртібінде бизнес өкілдерінің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру бағытындағы «Парыз» және «Еңбек жолы» конкурстарына дайындық жұмыстары да қаралды.
Отырыс қорытындысы бойынша жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар беріліп, көтерілген мәселелер тұрақты бақылауда болатыны атап өтілді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau-inspekciya/press/news/details/1246325?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау