Медицина қызметкері күні қарсаңында біз халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету жолында ұзақ жылдар бойы еңбек еткен жандар туралы әңгімелеуді жалғастырамыз.

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Хабдулина Зауреш Қайыркенқызы – санитариялық қызметтің ардагері, өз мамандығына отыз жылдан астам өмірін арнаған маман. Оның көпжылдық еңбегі өңірдің санитариялық қызметі тарихының маңызды бір бөлігіне айналды.

Зауреш Қайыркенқызы өзінің кәсіби жолын 1991 жылы Қарағанды мемлекеттік медицина институтын «санитариялық дәрігер» мамандығы бойынша бітіргеннен кейін бастаған. Жас маман Көкшетау қалалық санитариялық-эпидемиологиялық станциясына жұмысқа орналасып, онда біртіндеп аурухана гигиенасы бойынша санитариялық дәрігер, дәрігер-зертханашы, кейіннен тамақтану гигиенасы бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарды.

Оның еңбек жолында балалар денсаулығын қорғау саласы ерекше орын алады. Ақмола облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінде ол мектепке дейінгі, балалар және білім беру ұйымдарына санитариялық-гигиеналық қадағалау бөлімін басқарды.

Оның басшылығымен білім беру мекемелерінің санитариялық жағдайын бақылау, мектеп оқушылары мен балабақша тәрбиеленушілерін сапалы тамақтандыруды ұйымдастыру, су жүйесімен қамтамасыз ету, жарықтандыру, температуралық режим және үй-жайлардың санитариялық жағдайы талаптарының сақталуын қадағалау жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ жұқпалы аурулардың алдын алу және жаппай тағамнан улану жағдайларын болдырмауға ерекше көңіл бөлінді. Ол мектептер мен балабақшаларға тексерістерге барып, мекеме басшыларына кеңес беріп, санитариялық заңнама талаптарын түсіндіріп отырды.

Әріптестерінің айтуынша, Зауреш Қайыркенқызын әрдайым жауапкершілік, принципшілдік және адамға деген ізгі қарым-қатынас ерекшелендірген. Ол адамдармен тез тіл табыса білгенімен, балалар денсаулығына қатысты мәселелерде өте талапшыл болған.

30 жылдан астам еңбек жолында Зауреш Қайыркенқызы облыстың санитариялық қызметінің дамуына зор үлес қосты, ал оның тәжірибесі мен мамандығына адалдығы шынайы құрметке лайық.

Медицина қызметкері күні қарсаңында Зауреш Қайыркенқызына көпжылдық адал еңбегі үшін шынайы алғысымызды білдіреміз. Денсаулығы мықты болып, отбасына амандық пен бақыт тілейміз.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/departament-kkbtu-akmolinsk/press/news/details/1245677?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version