МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕР КҮНІНЕ ОРАЙ САЛТАНАТТЫ ЖИЫН ӨТТІ

Жарияланды:

Автор:

категорияда
 
Бүгін 23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күніне орай Шардара ауданында салтанатты жиын өтті. Мерекелік шараға аудан әкімі Арман Романұлы Қарсыбаев қатысып, мемлекеттік қызмет саласының қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады.
Салтанатты жиын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнімен басталды.
Мерекелік шарада сөз алған аудан әкімі Арман Романұлы Қарсыбаев:
«Құрметті әріптестер! Баршаңызды бүгінгі кәсіби мерекеміз – Мемлекеттік қызметшілер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Ел абыройын асқақтататын мемлекеттік қызметші болу – мәртебелі міндет әрі зор жауапкершілік. Мемлекеттік қызметші – халық пен биліктің арасындағы алтын көпір, ел сенімін арқалаған, мемлекет мүддесін бәрінен биік қоятын тұлға. Сіздердің адал еңбектеріңіз бен кәсібиліктеріңіздің арқасында мемлекетіміздің тұрақты дамуы мен халықтың әл-ауқатының артуына берік негіз қалануда», – деп ізгі тілегін жеткізді.
Мерекелік жиын барысында аудан әкімі мемлекеттік қызмет саласында өз ісіне адалдық танытып, мемлекет мүддесін жоғары қойған бірқатар үздік мемлекеттік қызметшілерді марапаттады. Бұл марапаттар – ел игілігі жолындағы қажырлы еңбекке көрсетілген құрмет пен жоғары бағаның айқын көрінісі болды.
Айта кетейік, Мемлекеттік қызметшілер күні Қазақстанда 2013 жылдан бастап кәсіби мереке ретінде атап өтіледі. Бұл күн Біріккен Ұлттар Ұйымының бастамасымен белгіленген Халықаралық мемлекеттік қызмет күнімен сабақтасып, мемлекеттік қызметтің қоғамдағы маңызын арттыруға бағытталған.
Мемлекеттік қызмет – мансап емес, халық аманаты. Елдің ертеңі үшін аянбай еңбек етіп жүрген әрбір мемлекеттік қызметші – мемлекет тұрақтылығының тірегі, қоғам сенімінің сақшысы. Халыққа қалтқысыз қызмет ету жолындағы еңбектеріңіз әрдайым жемісті болып, абыройларыңыз арта берсін!
Шардара ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-shardarin-audany/press/news/details/1247359?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version