Қала күні мерекесіне орай, Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасы «Менің сүйікті қалам» атты ерекше библиотакси шарасын ұйымдастырды.
Танымдық іс-шараның басты мақсаты – қала тұрғындары мен қонақтарына, әсіресе, жас буынға Шымкенттің бай тарихы мен мәдени мұрасын насихаттап, туған өлкенің өткені мен бүгініне деген қызығушылықты арттыру.
Библиотакси қызметін пайдаланған алғашқы жолаушы «Нұрсәт» шағынауданынан Бәйдібек би даңғылына дейінгі жол бойында қойылған барлық сұрақтарға мүдірмей жауап беріп, шартқа сәйкес межелі жеріне тегін жеткізілді. Ал, келесі қатысушы Қ.Төлеметов көшесінен мініп, жақында ғана пайдалануға берілген Экосаябаққа дейін жол тартты. Бұдан бөлек, библиотакси «Тұран», «Шымсити» және «Бозарық» шағынаудандарында да тұрғындарға қызмет көрсетті.
Шара барысында жолаушыларға Шымкент қаласының қалыптасу тарихы, көрікті орындары мен мәдени нысандары туралы жан-жақты мәліметтер ұсынылды. Сонымен қатар, өңірден шыққан белгілі ақын-жазушылардың, мәдениет және қоғам қайраткерлерінің өмірі мен шығармашылық мұрасы кеңінен таныстырылды. Қатысушылар танымдық сұрақтарға жауап беріп, шаһар тарихына қатысты қызықты деректермен танысты.
Ерекше форматта өткен «Менің сүйікті қалам» библиотаксиі тұрғындар мен қонақтардың туған жердің тарихы мен рухани құндылықтарына деген қызығушылығын арттырып, олардың Шымкентке деген сүйіспеншілігін нығайтуға өз үлесін қосты.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/shymkent-ishki-sayasat/press/news/details/1245800?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау