Қазақша сөйлеу: Қарағанды облысында ересектерге арналған тілдік лагерь қорытындыланды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Он күнге созылған мазмұнды жүздесулер, жаңа таныстықтар мен қазақ тілінің табиғи ортасына терең бойлау кезеңі өз мәресіне жетті. Бұқар жырау ауданындағы Үштөбе ауылында әртүрлі мамандық иелері мен түрлі жастағы азаматтардың басын қосқан ересектерге арналған тілдік лагерь жұмысын аяқтады. Қатысушылардың барлығын ортақ мақсат — мемлекеттік тілді еркін меңгеріп, күнделікті өмірде еркін қолдану ниеті біріктірді.

Лагерь бағдарламасы тіл үйретумен ғана шектелмей, қазақ халқының рухани және мәдени мұрасын терең тануға бағытталды. Тыңдаушылар дәрістер мен шеберлік сабақтарына қатысып, ұлттық салт-дәстүрлермен, ойындармен және халқымыздың бай мәдениетімен танысты. Сонымен қатар танымдық экскурсияларға шығып, табиғи тілдік ортада қазақ тілінде күн сайын сөйлесу арқылы тәжірибелерін шыңдады. Ұйымдастырушылардың басты назарында қатысушылардың еркін қарым-қатынас жасау дағдыларын қалыптастыру болды.

Лагерь қатысушысы, Абай қаласындағы «Эрудит» оқу-дамыту орталығының бастауыш сынып мұғалімі Екатерина Бандалетова мұндай оқыту тәсілінің тиімділігіне ерекше тоқталды.

— Біз қазақ тілін тек сабақ үстінде ғана емес, ұлттық ойындар, салт-дәстүрлер, қолөнер және ұлттық тағамдар арқылы да үйрендік. Ең маңыздысы — тілді шынайы өмірде қолдануға мүмкіндік алдық. Қазақ тілін меңгеруді мақсат еткен әрбір адам үшін бұл баға жетпес тәжірибе деп ойлаймын, — деді ол.

Лагерь қатысушыларының бірі, зейнеткер Георгий Фещенко да бұл күндердің ерекше әсерге толы болғанын айтты. Оның сөзінше, қатысушылар тілдік білімдерін жетілдіріп қана қоймай, Бұқар жырау кесенесіне барып, қазақ халқының мәдениетімен, ұлттық дәстүрлерімен және өңірдің тарихи мұрасымен жақынырақ танысқан. Әсіресе ЮНЕСКО-ның Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енгізілген «Беташар» рәсімі тыңдаушылардың ерекше қызығушылығын тудырған.

— Ұстаздардың кәсіби шеберлігі мен жанашырлығының арқасында қазақ тілі сабақтары міндет емес, қызықты әрі шабыттандыратын танымдық үдеріске айналды, — деп бөлісті Георгий Фещенко.

Лагерьдің жабылу салтанатында оның жұмыс қорытындылары шығарылып, қатысушыларға сертификаттар табысталды.

Фото: Қарағанды облысының Тілдерді дамыту басқармасы

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1247594?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version