Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өткен таеквондодан жастар мен ересектер арасындағы Алтай Одағы чемпионаты өз мәресіне жетті. Бұл сында ел намысын қорғаған елордалық спортшылар екі медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Қазақстан құрамасы бұл сында 18 салмақ дәрежесі бойынша 5 алтын, 8 күміс және 17 қола медаль жеңіп алды.
Аталған додада ел намысын қорғаған астаналық спортшылар да табысты өнер көрсетті. Жастар арасында 46 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Айым Серікбаева чемпион атанып, алтын медаль иеленді. Ал 59 келіге дейінгі салмақта бақ сынаған Алинұр Еркін қола жүлдегер атанды.
Айта кетейік, чемпионаттың алғашқы жарыс күнінде ересектер құрамасы 4 алтын, 6 күміс және 8 қола медаль жеңіп алған болатын. Нәтижесінде Қазақстан құрамасы Алтай Одағы чемпионатында жалпы саны 48 медальға (9 алтын, 14 күміс, 25 қола) қол жеткізіп, жалпыкомандалық есепте екінші орынға тұрақтады. Түркия құрамасы 10 алтын медальмен көш бастаса, Ресей құрамасы 8 алтынмен үздік үштікті түйіндеді.
Астанада алғаш рет ұйымдастырылған Алтай Одағы чемпионатына Әзербайжан, Қырғызстан, Моңғолия, Корея, Ресей, Түркия, Өзбекстан және Қазақстан құрамалары қатысты.
Енді 25-27 маусым аралығында Астанада жастар, жасөспірімдер және ересектер арасында таеквондодан Kazakhstan Open халықаралық рейтингтік турнирі өтеді. Байрақты бәсекені Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайы қабылдайды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1247041?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау