Жаз – тамаша мезгіл, демалыс уақыты, ата-әжеге қыдырудың, көкөністер мен жемістерден ләззат алудың, жарқыраған күн астында D дәруменімен қанығудың кезеңі. Осындай уақытта уланудан туындаған дене қызуы көтеріліп, жүрек айнуымен ауырып қалуды ешкім қаламайды.
Ауаның жоғары температурасы, азық-түлікті сақтау ережелерінің бұзылуы және гигиенаны сақтамау — асқазан-ішек жолы ауруларының негізгі себептері.
Тағамнан уланудан қалай қорғануға болады және егер одан сақтана алмасаңыз не істеу керек?
Тағамнан улану – бұл ас қорыту жүйесінің бұзылуымен қатар жүретін жедел ауру. Оның себебі тағам арқылы ағзаға түрлі микроорганизмдердің, көбінесе бактериялардың түсуі болуы мүмкін. Уланудың көпшілігі тағам өнімдерінде алтын түсті стафилококк пен ішек таяқшасының қарқынды көбеюінен болады.
Улануға көбінесе жарамдылық мерзімі өтіп кеткен сапасыз өнімдер, дұрыс сақталмаған немесе санитарлық талаптарды бұза отырып дайындалған тағамдар себеп болады. Аурудың негізгі себептері – бактерия тасымалдаушылық, технологиялық үдерістің бұзылуы, өнімдерді дұрыс сақтамау және т.б.
Улануды көбінесе дайын тағамдар – майонез және қаймақ қосылған көп құрамды салаттар, крем қосылған кондитерлік өнімдерде.
ГИГИЕНА ЕРЕЖЕЛЕРІН САҚТАҢЫЗ:
– көшеден үйге келгеннен кейін, тамақ ішер алдында және дәретханадан соң қолды сабынмен мұқият жуыңыз;
– көкөністерді, жемістерді, жидектер мен көктерді қолданар алдында ағын сумен, ал кішкентай балалар үшін қайнаған сумен жуыңыз;
– ыстық және салқын тағамдарды дайындау кезінде үй жағдайында гигиена ережелерін, тағамдардың жарамдылық мерзімін және сақтау шарттарын, әсіресе тез бұзылатын өнімдерді сақтау талаптарын қадағалаңыз; шикі өнімдер мен дайын тағамдарды бөлек сақтау қажет;
– инфекциялық аурулардың алдын алу үшін шикі өнімдерді өңдеуге арналған жеке пышақтар мен тақтайшаларды пайдаланыңыз.
ТАҒАМДЫ ҚАУІПСІЗ ДАЙЫНДАҢЫЗ:
– өзіңізді жайсыз сезінсеңіз, дене қызуыңыз көтерілсе, іш өтіп, жүрегіңіз айнып немесе ішіңіз ауырса, қонақтар мен отбасы үшін тамақ дайындамаңыз;
– жаңадан дайындалған тағамды алдыңғы күннің қалдығымен араластырмаңыз;
– тағамдарды, әсіресе етті, құс етін, жұмыртқаны және теңіз өнімдерін толық қуырып, жақсылап пісіріңіз;
– дайын тағам қалдықтарын, әсіресе салаттар мен тартылған еттен жасалған өнімдерді бір тәуліктен артық сақтамаңыз;
– крем қосылған пирожныйлар мен торттарды тоңазытқышта сақтаңыз.
АЗЫҚ-ТҮЛІК САТЫП АЛҒАНДА МҰҚИЯТ БОЛЫҢЫЗ:
– тағамды, әсіресе ет пен балықты, дайындау сапасы тексерілетін жерлерден сатып алыңыз;
– өнімнің дайындалған және жарамдылық мерзімін мұқият оқып, сапасын сыртқы түрі мен иісі арқылы тексеріңіз. Шіріген немесе көгерген, әсіресе қара зең басқан өнімдерді тағамға пайдаланбаңыз;
– балалар тағамына хош иістендіргіштер, дәм күшейткіштер, бояғыштар және басқа химиялық қоспалары бар өнімдерді қолданбаңыз;
– ішу үшін қайнатылған немесе бөтелкедегі суды пайдаланыңыз.
Жоғарыда аталған барлық ұсынымдарды сақтау сізге тек жаз мезгілінде ғана емес, жылдың кез келген уақытында тағамнан уланудың алдын алуға көмектеседі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/departament-kkbtu-vko/press/news/details/1247579?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау