Таразда «Басшы мектебі» біліктілікті арттыру курсы басталды
Тараз қаласында «Басшы мектебі» атты көшпелі біліктілікті арттыру курсы өз жұмысын бастады. Оқу бағдарламасы 2026 жылғы 22 маусым мен 10 шілде аралығында өтеді. Бағдарламаға Жамбыл облысындағы медициналық ұйымдар басшыларының орынбасарлары қатысуда.
Курсқа қатысушыларға Жамбыл облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек құттықтау сөз арнап, басқарушы кадрлардың үздіксіз кәсіби дамуы мен денсаулық сақтау жүйесіне заманауи тәсілдерді енгізудің маңыздылығын атап өтті.
– Мемлекет басшысы мен Денсаулық сақтау министрлігі саланы жаңғырту және денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру бойынша нақты міндеттер жүктеп отыр. Бұл міндеттерді табысты жүзеге асыру үшін заманауи басқару әдістерін меңгерген, озық тәжірибелерді енгізуге дайын білікті басшылар қажет. Алынған білім мен тәжірибе алмасу өңірдегі денсаулық сақтау саласының одан әрі дамуына елеулі үлес қосады деп сенемін, – деді Сержан Назарбек.
Дәріс берушілер қатарында денсаулық сақтауды ұйымдастыру, фармация, медициналық құқық, қоғамдық денсаулық сақтау және адами ресурстарды басқару салаларындағы жетекші мамандар мен сарапшылар бар.
Оқу бағдарламасының алғашқы күні ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығының стратегиялық зерттеулер департаментінің директоры Наталья Юшицина дәріс оқыды.
Оның айтуынша, бағдарлама аясында мемлекеттік жоспарлау мәселелері, Қазақстан Республикасының денсаулық сақтауды дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыру, сондай-ақ саланың стратегиялық міндеттері мен медициналық ұйымдар қызметінің өзара байланысы қарастырылады.
Сонымен қатар оқу барысында халықтың медициналық қызмет сапасына қанағаттану деңгейін бағалау мәселелері де талқыланады. Наталья Юшицинаның мәліметінше, 12 мыңнан астам респондент қатысқан ауқымды зерттеу нәтижелері Қазақстандағы медициналық көмектің сапасына қанағаттану деңгейінің жоғары екенін көрсетіп, сонымен бірге қызмет сапасы мен қолжетімділігін одан әрі арттыруды қажет ететін бағыттарды айқындауға мүмкіндік берген.
15 күнге жоспарланған бағдарлама аясында тыңдаушылар стратегиялық және корпоративтік басқару, дәрілік саясат, медициналық құқық, медициналық көмекті ұйымдастыру, қоғамдық денсаулық сақтау және кадрлық ресурстарды басқару бағыттары бойынша білімдерін жетілдіреді.
Бағдарлама медициналық ұйымдардың басқарушы құрамының кәсіби құзыреттерін арттыруға және денсаулық сақтау жүйесін одан әрі жетілдіруге бағытталған.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-densaulyk/press/news/details/1246773?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау