Қазақстан полициясының 34 жылдығына арналған салтанатты шара Павлодар облысы полиция департаментінде өтті. Іс-шараға ішкі істер органдарының ардагерлері, қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан полиция қызметкерлерінің туыстары және департаменттің жеке құрамы қатысты.
Мерекелік жиынды департамент бастығы Василий Скляр ашып, құттықтау сөз сөйледі:
– 23 маусым – қазақстандық полиция тарихындағы ерекше күн. Бұл – полицияның қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқан және бүгінде оның қатарында абыроймен қызмет атқарып жүрген азаматтарға деген құрметтің белгісі. Бұл – адал еңбегімен халықтың сый-құрметіне бөленген ардагерлерге көрсетілген алғыс. Сондай-ақ, бейбіт уақытта азаматтарымыздың қауіпсіздігі үшін жанын қиған ерлерді еске алу күні. Офицерлерді, сержанттарды, қатардағы қызметкерлер мен ардагерлерді кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын және таңдаған мамандықтарына адал болғандары үшін ризашылығымды білдіремін. Біздің еңбегіміз өңірдегі тұрақтылық пен қауіпсіздіктің берік негізі болатынына сенімдімін, – деді ол.
Салтанатты шараның ең әсерлі сәттерінің бірі – үздік қызметкерлерді марапаттау рәсімі болды. Ішкі істер министрінің бұйрығымен ішкі істер органдарындағы адал қызметі үшін Аскар Сабабаевқа «полиция полковнигі», Айдын Нұрымовқа, Медет Бейсеновке және Сергей Козловқа «полиция подполковнигі», Әлібек Қайдаров пен Азамат Уәлиевке «полиция майоры» арнаулы атақтары берілді.
«Құқық тәртібін қамтамасыз етуде үздік шыққаны үшін» медалімен Бауыржан Бидаев марапатталды.
«Ішкі істер органдарының үздігі» төсбелгісі Балғабай Қапаровқа, Қанат Қайыргелдиновке және Рустам Күзембаевқа табысталды. ІІМ Құрмет грамотасымен Мадина Жұмабаева марапатталды. ІІМ грамотасы ардагер Қуат Амерхановқа, ал Алғыс хат Гүлия Шадиеваға берілді.
Сонымен қатар, бірқатар тәртіп сақшылары облыс әкімінің құқықтарымен марапатталды. Облыстық полиция департаменті бастығының бұйрығымен қызметте жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген полицейлер көтермеленді.
Мерекелік шара әртүрлі жанрдағы концерттік бағдарламамен аяқталды. Сахнада патриоттық әндер шырқалып, домбыраның қоңыр үні кең даланың тынысын сездірді. Сондай-ақ, қызметтік борышын атқару кезінде қаза тапқан ел ұлдарын ұлықтайтын әндер орындалды.
Кәсіби мерекелерінде де жылы лебіздер мен құттықтаулардан кейін полицейлер қайтадан қызметтеріне кіріседі. Олар көшелерде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, қиын жағдайға тап болған жандарға алғашқы болып көмекке келеді.
Осындай асыл мамандық иелері күн сайын заң мен тәртіптің күзетінде тұр.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-pavlodar/press/news/details/1246597?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау