ОРДАБАСЫ: ТЕМІРЛАНДА ЖАБЫҚ БАССЕЙНІ МЕН ТЕННИС КОРТЫ БАР ЗАМАНАУИ СПОРТ КЕШЕНІ САЛЫНЫП ЖАТЫР
Бүгін Ордабасы ауданында БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз туры өтті. Сапар аясында журналистер бірқатар өндірістік және әлеуметтік маңызы бар нысандарды аралап, жүзеге асырылып жатқан жобалардың барысымен танысты. Ақпараттық топ алдымен аудан орталығында бой көтерген Рәміздер аллеясына барды. Жалпы құны 70 млн теңгеден асатын жоба аясында ту тұғыры, субұрқақ, сахна, орындықтар, жаяу жүргіншілер жолағы, көпір мен жарықтандыру жүйелері орнатылған.
Кейін Темірлан ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен теннис кортының құрылыс алаңы таныстырылды. Жалпы құны 1,2 млрд теңгені құрайтын жоба 2025 жылы басталып, 2027 жылдың соңында пайдалануға берілмек. Заманауи спорт нысанында 25 метрлік жабық бассейн мен теннис корты бар. Сондай-ақ, журналистер Темірлан ауылындағы абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатқан «Самал-2» тұрғын үй аумағын аралады. Онда тұрғындар үшін жаяу жүргіншілер жолы салынып, қоршаулар орнатылуда. Сонымен қатар, көгалдандыру, жарықтандыру және демалыс орындарын жабдықтау жұмыстары атқарылуда.
Баспасөз турының соңында БАҚ өкілдері Темірлан ауылындағы өндірістік паркке барды. Жалпы аумағы 10 гектарды құрайтын өндірістік парк аумағында инвестициялық құны 1,64 млрд теңгені құрайтын 5 жоба іске асырылуда. Жобалар толық жүзеге асқанда 53 жаңа жұмыс орны ашылады. Онда кір жуғыш ұнтақ өндіру, сұйық және ұнтақ түріндегі тұрмыстық химия өнімдерін шығару, түйіршіктелген жем өндіру, шыны және металл бұйымдарын өндіру бағытындағы өндіріс орындары орналасады. Өндірістік парк қажетті инфрақұрылыммен толық қамтылған. Атап айтқанда, электр желісі тартылып, ауыз су ұңғымасы қазылған. Газ желісі жеткізіліп, 2,8 шақырым жолға асфальт төселген.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-kogamdyk-damu/press/news/details/1247500?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау