Бүгін Қытай Халық Республикасының Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданының әкімшілік орталығы Үрімші қаласында IX «Қытай – Еуразия» халықаралық көрмесі басталды. Облыс әкімі Берік Уәли Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бастаған делегация құрамында әуелі көрмені аралап, маңызды шараның ашылу рәсіміне қатысты.
Үрімшіге барған Абай облысы делегациясының құрамында кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму, сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары, ауыл шаруашылығы басқармаларының, «Семей» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының өкілдері бар.
Аймақ басшысы Берік Уәли көрме аясында өткен «Қытайға экспорт» деп аталған арнайы презентациялық іс-шарасына қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Абай облысы мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың тұрақты дамып келе жатқанын атап өтті.
«Соңғы жылдардағы көрсеткіштер осының айқын дәлелі. 2026 жылдың қаңтар-сәуір айларында Абай облысы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы тауар айналымы 952 миллион АҚШ долларын құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 43 пайызға жоғары. Ал экспорт көлемі 842 миллион АҚШ долларына жетіп, 41 пайызға артты. Бұл – кәсіпкерлердің еңбегі, инвесторлардың сенімі және екі ел арасындағы экономикалық байланыстардың нығайып келе жатқанының нақты көрінісі. Бүгінде облыс кәсіпорындары Қытай нарығына металлургия өнімдерін, минералдық шикізатты, ауыл шаруашылығы өнімдерін және басқа да тауарларды экспорттауда. Дегенмен біздің мақсатымыз тек экспорт көлемін арттырумен шектелмейді. Басты мақсат – экспорт сапасын арттыру. Яғни, шикізат экспортынан өңделген өнім экспортына көшу, қосылған құны жоғары тауарлар өндірісін ұлғайту және халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілікті күшейту», – деді Берік Уәли.
Облыс әкімі Абай облысының аграрлық және индустриялық әлеуетіне де тоқталды. Биыл өңірде ауыл шаруашылығы дақылдары 789,3 мың гектар алқапқа егілді, оның ішінде 340,3 мың гектарын майлы дақылдар құрайды. Қазіргі таңда облыста 113,4 мың гектар суармалы жер болса, алдағы жылдары қосымша 31 мың гектарды айналымға енгізу жоспарланған. Сонымен қатар өңірде етті мал шаруашылығын дамыту, өнімді терең өңдеу және дайын өнім экспортын ұлғайту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
2025 жылдан бері шетелдік инвесторлармен 156 кездесу өткізіліп, бірқатар мемлекеттердің бизнес өкілдерімен нақты жобалар талқыланды. Биыл Қытайдың Алтай қаласында өткен «Үлкен Алтай – 2026» халықаралық субөңірлік ынтымақтастық конференциясында қытайлық серіктестермен алты инвестициялық меморандумға және білім беру саласындағы келісімге қол қойылып, жалпы құны 76,3 млрд теңгені құрайтын жобаларды жүзеге асыру жөнінде уағдаластықтарға қол жеткізілді.
Қазіргі уақытта қытайлық инвесторлардың қатысуымен Семей қаласында чиптер мен электрондық құрылғылар шығаратын индустриялық парк, заманауи сауда-логистикалық кешені және «Бақты» жеке индустриялық аймағын дамыту жобалары іске асырылуда. Сонымен қатар «Бақты» өткізу пунктін жаңғырту және «Аягөз – Бақты» теміржол желісін салу өңірдің халықаралық көлік-логистикалық әлеуетін арттыруға бағытталған стратегиялық жобалар ретінде жүзеге асырылып жатыр.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/1248019?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау