Жарма ауданы «Досжан темір жолы» АҚ қызметкері Жандос Қабдуллин шахматтан өткен «Senat Open» III ашық кубогының республикалық финалында мемлекеттік қызметшілер санатында І орын иеленді. Бұл – оның республикалық деңгейдегі алғашқы жеңісі.
Жандос шахматпен сегіз жасынан айналысады. Оны бұл ойынға әкесі баулыған. Осы уақытқа дейін облыстық жарыстарға да қатысса да, жүлделі бірінші орынға ие болмаған. Биылғы республикалық турнир оның спорттық жолындағы алғашқы ірі жеңісі болды.
Теміржол саласында ол 2014 жылдан бері еңбек етеді. Қазіргі қызметі – станса кезекшісі. Оның айтуынша, шахмат пен жұмысының арасында үлкен ұқсастық бар.
«Станса кезекшісі ретінде пойыздардың қозғалыс кестесін алдын ала жоспарлап, маршруттарды 10–15 минут бұрын дайындаймыз. Әр шешім дәл есептелуі керек. Шахматта да солай – бірнеше жүрісті алдын ала ойлап, әр қадамыңды есептейсің. Сондықтан қазіргі жұмысым мен шахматтың өзара байланысы бар деп ойлаймын», – дейді Жандос.
Турнирге ол арнайы бапкерсіз, өздігінен дайындалған. Бос уақытында телефон арқылы онлайн партиялар ойнап, шеберлігін шыңдап жүрген. Жұмысына байланысты шахматқа күн сайын уақыт бөлу мүмкін емес. Соған қарамастан аптасына бір-екі рет уақыт тауып, кейде үш-төрт сағат бойы ойынға ден қояды.
Жандостың айтуынша, финалдағы барлық партия оңай болмады. Ең тартысты кездесулердің бірі – өз жерлесі, рейтингтік санатта өнер көрсеткен Абай облысының шахматшысы Арлан Абузяровпен өтті.
«Арлан – рейтингтік санатта өнер көрсететін тәжірибелі шахматшы. Бір сәтте ұтылып қала жаздадым. Бірақ ойын барысында дұрыс шешім тауып, фигурамды қайтарып алдым. Содан кейін партияның бағыты өзгеріп, ойын тең нәтижедеаяқталды», – дейді жеңімпаз.
Жандос Қабдуллин бұған дейін де теміржолшылар арасында өткен республикалық шахмат жарысында жүлдегер атанған. 2023 жылы 2-орын иеленсе, биыл чемпион атанып отыр. Екі баланың әкесі бұл жеңіс өзіне үлкен мотивация бергенін айтады.
«Шахматты тастамаймын. Осындай жарыстарға әлі де қатысқым келеді. Болашақта Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсетіп, өзімді халықаралық деңгейде сынап көрсем деген мақсатым бар», – дейді ол.
Еске салсақ, «Senat Open» III ашық кубогы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты мен Қазақстан шахмат федерациясының бастамасымен ұйымдастырылып келеді. Биылғы республикалық финалға еліміздің барлық өңірінен 200-ден астам қатысушы жиналды. Абай облысының атынан 10 шахматшы бақ сынады.
Абай облысы мәслихатының баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/1249590?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау