Аудан әкімінің орынбасары Рүстем Қасымовтың төрағалығымен аудандағы әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі аудандық үшжақты комиссияның кезекті отырысы өтті.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша Түймекент ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Айман Тыныбекова баяндама жасап, округ аумағындағы кәсіпорындар мен ұйымдарда еңбек дауларының алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Сондай-ақ, төленбеген жалақы қарыздарының жағдайы, E-HR ақпараттық жүйесіне жеке еңбек шарттарын енгізу, ұжымдық шарттар мен меморандумдар қабылдау, бейресми жұмыспен қамтылған азаматтардың еңбек қатынастарын заңдастыру, сондай-ақ жұмыскерлерді еңбек міндеттерін орындау кезінде орын алуы мүмкін жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру бағытындағы жұмыстар жөнінде баяндады.
Екінші мәселе аясында «Әулие Ата-Феникс» ЖШС-нің заңгері Айданбек Баймұратов кәсіпорында еңбек ақы дауларының алдын алу шаралары туралы ақпарат берді. Сонымен қатар, қызметкерлердің айлық жалақысы мен әлеуметтік төлемдерінің уақытылы аударылуы, сондай-ақ жұмыскерлердің өмірі мен денсаулығын жазатайым оқиғалардан сақтандыру шарттарын жасау мәселелері сөз болды.
Ал үшінші мәселе бойынша аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Әлия Саққұлова баяндама жасап, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаменті ұсынған тізімге сәйкес анықталған сәйкессіздіктерге тоқталды.
Отырыс барысында күн тәртібіндегі мәселелер жан-жақты талқыланып, еңбек заңнамасының талаптарын қатаң сақтау, жұмыскерлердің әлеуметтік құқықтарын қорғау және анықталған кемшіліктерді жою бағытында тиісті тапсырмалар берілді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-bayzak/press/news/details/1250331?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау