Антибиотиктерге төзімділік: антибиотиктерді неге тек дәрігердің тағайындауымен қабылдау қажет

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Антибиотиктерге төзімділік (антибиотикорезистенттілік) қазіргі денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелердің бірі болып табылады.

Халықаралық денсаулық сақтау ұйымдарының деректеріне сәйкес микроорганизмдердің микробқа қарсы препараттарға төзімділігінің артуы халық денсаулығына елеулі қауіп төндіреді. Бұл инфекциялық ауруларды емдеуді қиындатып, аурудың ұзақтығын арттырады және ауыр асқынулардың даму қаупін жоғарылатады.

Антибиотиктерге төзімділіктің қалыптасуының негізгі себептерінің бірі антибиотиктерді бақылаусыз және негізсіз қолдану болып табылады. Оған дәрігердің тағайындауынсыз антибиотиктерді пайдалану, емдеу сызбасын өз бетінше өзгерту, сондай-ақ дәрілік препараттарды қабылдауды мерзімінен бұрын тоқтату жатады.

Антибиотиктер неге тек дәрігердің рецептісі бойынша босатылуы тиіс?

Антибиотиктер пациенттің жағдайын міндетті түрде бағалауды және медициналық қызметкердің диагноз қоюын талап ететін дәрілік заттарға жатады.

Антибиотиктердің тек бактериялық инфекцияларды емдеуде тиімді екенін және тұмау мен жедел респираторлық вирустық инфекциялардың көпшілігі сияқты вирустық ауруларға әсер етпейтінін есте ұстаған жөн.

Антибиотиктерді тағайындау аурудың клиникалық көрінісін, пациенттің жасын, қатар жүретін ауруларын және емдеудің тиімділігі мен қауіпсіздігіне әсер ететін басқа да факторларды ескере отырып, тек медицина қызметкерімен жүзеге асырылуы тиіс.

Антибиотиктермен өздігінен емделу:

  • микроорганизмдердің дәрілік препараттарға төзімділігінің қалыптасуына;
  • емдеу тиімділігінің төмендеуіне;
  • жағымсыз реакциялар мен асқынулардың туындауына;
  • ағзаның табиғи микрофлорасының бұзылуына;
  • халық арасында төзімді инфекциялардың таралу қаупінің артуына алып келуі мүмкін.

Антибиотиктерді рецептісіз босатқаны үшін жауапкершілік

Антибиотиктер қатаң түрде рецепт бойынша босатылатын дәрілік заттарға жатады.

Қазақстан Республикасы «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінің 233-бабының 5-тармағына сәйкес дәрігер рецептісі бойынша босатылатын дәрілік заттарды рецептісіз өткізуге тыйым салынады. Рецепттер заңнамада белгіленген тәртіппен медицина қызметкерлерімен қағаз және (немесе) электрондық түрде жазып беріледі.

Рецепттерді жазып беру, есепке алу және сақтау тәртібі Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 2 қазандағы № ҚР ДСМ-112/2020 «Рецепттерді жазып беру, есепке алу және сақтау қағидаларын бекіту туралы» бұйрығымен реттеледі.

Антибиотиктерді дәрігер рецептісінсіз босату микробқа қарсы препараттарды бақылаусыз қолдануға жағдай жасап, антибиотиктерге төзімділіктің дамуына және инфекциялық ауруларды емдеу тиімділігінің төмендеуіне ықпал етеді.

Фармацевтикалық қызмет субъектілері рецепт бойынша босатылатын дәрілік заттарды өткізу кезінде Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын қатаң сақтауға міндетті.

Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзу, оның ішінде рецептілік дәрілік препараттарды дәрігер рецептісінсіз өткізу Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 426-бабы 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік жауаптылыққа әкеп соғады.

Аталған бапқа сәйкес фармацевтикалық қызмет және дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы қағидаларды бұзу үшін мынадай мөлшерде әкімшілік айыппұл көзделген:

  • жеке тұлғаларға – 70 айлық есептік көрсеткіш (АЕК);
  • лауазымды тұлғаларға – 100 АЕК;
  • шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 130 АЕК;
  • орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 200 АЕК;
  • ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 1000 АЕК.

Осыған байланысты дәріхана ұйымдары мен фармацевтикалық қызметкерлер Қазақстан Республикасы «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінің 233-бабы 5-тармағының, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 2 қазандағы № ҚР ДСМ-112/2020 бұйрығының талаптарын қатаң сақтауы қажет. Аталған нормативтік құқықтық актілермен дәрілік заттарды рецепт бойынша босату тәртібі белгіленген.

Департамент антибиотиктерді рецепт бойынша босату тәртібін сақтау антибиотиктерге төзімділіктің алдын алудың, микробқа қарсы препараттардың тиімділігін сақтаудың және халық денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды шараларының бірі екенін еске салады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/dkmfk-astana/press/news/details/1249143?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version