Өңір басшысы Асхат Шахаров азаматтарды жеке мәселелері бойынша онлайн форматта қабылдады. Қабылдау барысында өңір тұрғындары тұрғын үймен қамтамасыз ету, жер қатынастары, ауылдық елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту және коммуналдық мәселелер тұрғысында өтініштерін жеткізді.
Қабылдауға Ақтөбе қаласы мен аудан тұрғындары қатысып, өздерін толғандырған мәселелерді тікелей облыс әкіміне баяндады. Атап айтқанда, Байғанин ауданының Көкбұлақ ауылына газ тарту, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдалану, тұрғын үй кезегіне тұру, сондай-ақ Ойыл ауданының Аманкелді ауылындағы көше жолдарын асфальттау және спорт кешенін салу мәселелері көтерілді.
Сонымен қатар қабылдауда тұрғын үй және жер мәселелері, сондай-ақ Ақтөбе қаласындағы апатты тұрғын үйдің жай-күйіне қатысты сұрақтар қаралды.
Облыс әкімі әрбір өтінішті мұқият тыңдап, жауапты басқармалар мен аудан әкімдеріне мәселелерді заң аясында зерделеп, нақты шешу жолдарын қарастыру жөнінде тапсырмалар берді. Кейбір мәселелер бойынша азаматтарға қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Асхат Шахаров тұрғындармен ашық диалог орнату және олардың мәселелерін уақытылы шешу Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясындағы өңір басшылығы жұмысының басты бағыттарының бірі екенін атап өтті. Азаматтардың өтініштері тұрақты бақылауда болып, олардың орындалу барысы бойынша тиісті жұмыстар жүргізіледі.
Облыс әкімінің тұрғындарды онлайн және офлайн форматта қабылдауы өңір тұрғындарының мәселелерін жедел шешуге және халық пен билік арасындағы кері байланысты нығайтуға бағытталған жұмыстар аясында тұрақты түрде өткізіліп келеді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/1248134?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау