Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров тұрғындарды кезекті жеке қабылдап, олардың ұсыныс-пікірлері мен өзекті мәселелерін тыңдады.
Қабылдау барысында тұрғындар тарапынан тұрғын үй құрылысына арналған жер учаскесін алу, тұрақты және қоғамдық жұмысқа орналасу, елді мекендерді абаттандыру, көше жарығын орнату, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және киелі орындарды дамытуға қатысты мәселелер көтерілді.
Тұрғын үй салуға жер учаскесін сұраған азаматқа Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сәйкес жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер телімін алу тәртібі түсіндірілді. Сонымен қатар, инженерлік инфрақұрылым толық жүргізілгеннен кейін жер учаскелері заң талаптарына сәйкес кезектілік тәртібімен берілетіні айтылып, мемлекеттік қызметті eGov порталы арқылы алу мүмкіндігі түсіндірілді.
Жұмыспен қамту мәселесі бойынша өтініш білдірген азаматтарға аудандық Мансап орталығы арқылы тұрақты және қоғамдық жұмыс орындары ұсынылып, еңбек нарығындағы бос жұмыс орындары жөнінде жан-жақты ақпарат берілді. Жүйнек және Шекербұлақ елді мекендері арасындағы түнгі жарық мәселесіне қатысты қазіргі таңда сметалық құжаттама әзірленгені, жоба жергілікті бюджеттен қаржыландырылған жағдайда жарықтандыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылатыны жеткізілді.
Сондай-ақ облыстық маңызы бар автомобиль жолындағы жол белгілері мен жол таңбаларын орнату мәселесі бойынша Түркістан облысының тиісті салалық басқармасына ұсыныс жолданатыны айтылды. Бабайқорған ауылдық округіне қарасты Игілік елді мекеніндегі жаңадан салынған жолға қажетті жол белгілерін орнату жұмыстары белгіленген мерзімде аяқталатыны, ал киелі орындарды дамытуға қатысты ұсыныстар тиісті жауапты мекемелердің қатысуымен зерделенетіні хабарланды.
Қабылдау қорытындысында аудан әкімі әрбір көтерілген мәселені жан-жақты қарастыруды жауапты бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдеріне тапсырды. Барлық өтініштердің заң аясында шешілуі тұрақты бақылауда болатынын атап өтіп, тұрғындармен ашық диалог пен кері байланыстың аудан әкімдігі қызметіндегі басым бағыттардың бірі екенін жеткізді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sauran-turkestan/press/news/details/1249398?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау