Қазақстан полициясы күніне орай Маңғыстау облысы Полиция департаментінде ерекше әсерлі кездесу өтті. Кездесудің басты кейіпкері – небәрі төрт жастағы Бек Әлиұлы болды.
Жасына қарамастан Бек бірнеше жылдан бері полиция қызметіне ерекше қызығушылық танытып келеді. Ол кішкентайынан бастап құқық қорғау органдары ұйымдастыратын іс-шараларға арнайы өзіне тігілген полиция формасын киіп қатысады. Оның гардеробында қатардағы полиция қызметкерінің формасынан бастап арнайы мақсаттағы бөлімшелер мен генералдың киіміне дейінгі түрлі үлгідегі формалар бар.
Кәсіби мереке күні Бек ата-анасымен бірге Маңғыстау облысы Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Сағындық Аяғановты құттықтауға келді. Кішкентай қонақ полиция қызметкерлеріне денсаулық, қызметтеріне табыс тілеп, ел тыныштығы мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі еңбектері үшін алғысын білдірді.
Өз кезегінде полиция генерал-майоры Сағындық Күзембайұлы Бектің полиция мамандығына деген шынайы құрметіне ризашылығын білдіріп, оған естелік сыйлықтар табыстады. Сонымен қатар жақсы білім алып, елін сүйетін азамат болып өсуіне, арманына адал болып, болашақта Қазақстанның абыройлы генералы атануына ізгі тілегін жеткізді.
Бұл кездесу ұрпақтар сабақтастығының жарқын көрінісіне айналып, Отанға қызмет етуге, заң мен тәртіпті құрметтеуге деген сүйіспеншілік пен жауапкершілік сезімі бала кезден қалыптасатынын тағы бір мәрте көрсетті.
https://www.instagram.com/reel/DZ-bJeNoz5N/?utm_source=ig_web_copy_link&igsh=MzRlODBiNWFlZA==
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-mangystau/press/news/details/1248092?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау