ОТЫРАР СЕКТОРЫ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН АШЫҚ ДИАЛОГТА ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ЖОБАЛАР МЕН ТҰРҒЫНДАР ҰСЫНЫСТАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Бүгін Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы Отырар секторы тұрғындарымен ашық форматта кездесу өткізді.
Кездесу барысында секторда атқарылған жұмыстар, жүзеге асырылып жатқан инфрақұрылымдық жобалар және алдағы жоспарлар таныстырылып, тұрғындардың ұсыныстары мен өзекті мәселелері тыңдалды.
Отырар секторында 5 777 жеке тұрғын үй, 263 көпқабатты тұрғын үй және 14 916 пәтер бар. Халық саны 50 750 адамды құрайды. Сонымен қатар секторда 177 көше, 603 кәсіпкерлік нысаны, 7 мектеп, 22 медициналық мекеме, 35 балабақша, 4 мешіт, 8 саябақ, 28 дәріхана және 16 қонақ үй орналасқан.
Инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту бағытында Едіге батыр, Қабанбай батыр, Баян батыр, М.Мырзахметов және Сырым батыр көшелерінде 2,2 шақырым электр желісі жаңартылып, Жібек жолы көшесінде бір трансформаторлық қосалқы станция қайта жаңғыртылуда.
Т.Айбергенов көшесінде кабель желілерін тарту жобасы іске асырылуда. Жобаның құны 418,2 млн теңгені құрайды. Нәтижесінде 174 абонент сапалы электрмен қамтылып, 2 трансформатор, 8,8 шақырым КЛ-10 кВ және 5,2 шақырым КЛ-0,4 кВ желілері салынады. Нысанды биыл пайдалануға беру жоспарланған.
Абаттандыру жұмыстары аясында Усманов және Р.Дастанова көшелерінде спорт және балалар ойын алаңшалары пайдалануға берілді. Ойсылқара, Накипов және Сапарбай болыс көшелерінде осындай нысандардың құрылысы басталады. «Халық қатысатын бюджет» жобасы бойынша Жүнісбеков және Сатыбалды көшелерінде қосымша ойын алаңдары орнатылады.
Қоғамдық кеңістіктерді дамыту шеңберінде Жаңа қалада Билер аллеясы ашылып, Саттарханов даңғылы бойындағы аспалы көпір асты абаттандырылды. Сонымен қатар тұрғын үйлердің қасбеттері жаңартылып, сәндік жарықтандыру орнатылды, «Тайқазан» композициясы мен айналма жол салынды, көшелер көгалдандырылып, әуежай тас жолы жарықтандырылды.
Жол инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жалғасуда. Сектордағы 163,3 шақырымды құрайтын 115 көшенің 95-і немесе 134,3 шақырымы асфальтталған. Биыл 19,2 шақырымды қамтитын 17 көшеге асфальт төсеу жоспарланған. Қазіргі таңда 10,7 шақырымды қамтитын 11 көшеде құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жобалар аяқталғаннан кейін асфальтталған көшелердің үлесі 88,7 пайызға жетеді. Сонымен қатар 8,5 шақырымды қамтитын 6 көшеге орташа жөндеу жүргізуге қажетті құжаттар дайындалған.
Кездесу қорытындысында қала әкімі тұрғындардың барлық ұсыныстары мен мәселелері бақылауға алынып, кезең-кезеңімен шешілетінін атап өтті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-kalasy/press/news/details/1248579?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version