Қызылорда облысында пробация есебіндегі азамат тұрақты жұмысқа орналасты. Қызылорда қалалық пробация қызметі есебінде тұрған азаматтарды әлеуметтік бейімдеу және қайта әлеуметтендіру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Әсіресе, жұмыссыз азаматтарды тұрақты еңбекпен қамту мәселесіне ерекше назар аударылуда. Осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесінде Қызылорда қалалық пробация қызметінің инспекторы Мақсат Жұмабековтың ықпалымен есептегі азаматтардың бірі “Валиант Строй” мекемесіне тас қалаушы болып тұрақты жұмысқа орналастырылды. Пробация қызметі тарапынан есептегі тұлғаларға әлеуметтік-құқықтық және психологиялық қолдау тұрақты түрде көрсетіледі. Мамандар жұмыс іздеуге жәрдемдесіп қана қоймай, олардың қоғамға бейімделуіне, әлеуметтік байланыстарын қалпына келтіруіне және заңды өмір салтын ұстануына қолдау көрсетеді. Жұмысқа орналасқан азамат көрсетілген көмек үшін пробация қызметінің қызметкерлеріне алғысын білдірді. – Құрылыс саласында тәжірибем бар. Тас қалаушы мамандығы бойынша жұмысқа орналасқаныма өте қуаныштымын. Қазіргі уақытта тұрақты жұмыс табу оңай емес, ал пробация есебінде тұрған азаматтарды жұмысқа қабылдай бермейді. Осы ретте маған қолдау көрсетіп, еңбек жолымды жалғастыруға мүмкіндік берген пробация қызметінің мамандарына шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді ол. Айта кету керек, пробация қызметінің негізгі міндеттерінің бірі – сотталған азаматтардың қайта құқық бұзушылық жасауына жол бермеу, оларды қоғамға бейімдеу және заңға бағынатын өмір салтын қалыптастыруға ықпал ету. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/duiskzl/press/news/details/1249814?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау