Астанада 25 маусым күні «Сауда ойын-сауық орталығындағы заң түні» атты әлеуметтік акция өтіп, оның аясында елорда тұрғындары мен қонақтарына тегін заңгерлік кеңес берілді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Іс-шара сағат 19:00-ден 21:00-ге дейін «Mega Silk Way» және «Jibek Joly» сауда ойын-сауық орталықтарында «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында ұйымдастырылды.
Акцияға мемлекеттік органдардың, Астана қаласы прокуратурасының, уәкілетті органдардың аумақтық департаменттерінің, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның өкілдері қатысты.
«Бүгін тұрғындар мемлекеттік органдардың өкілдерінен түрлі мәселелер бойынша бір жерде кеңес алу мүмкіндігіне ие болды. Ол үшін алдын ала жазылудың немесе әртүрлі мекемелерге барудың қажеті болмады. Мамандардың өздері халықпен кездесті. Мұндай акциялар әр азаматтың өзін толғандырған сұрақтарға жедел жауап алып, мәселесін шешу жолдарын түсінуіне мүмкіндік беру үшін өткізіледі.
Сонымен қатар келушілер Психологиялық қолдау орталығының мамандарынан кеңес алып, психологтардың тәжірибелік ұсыныстарымен танысты», – деді Астана қаласы Білім басқармасының өкілі Салтанат Төлегенова.
Іс-шара барысында азаматтарға түрлі құқықтық мәселелер бойынша кеңес беріліп, қолданыстағы заңнама нормалары мен құзырлы органдарға жүгіну тәртібі түсіндірілді. Сонымен қатар келушілерге құқықтық сауаттылықты арттыру, құқық бұзушылықтың алдын алу және «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын сақтау мәселелеріне арналған ақпараттық жадынамалар таратылды.
Акцияның негізгі мақсаты – халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру, тегін заң көмегіне қолжетімділікті кеңейту және азаматтардың өзекті мәселелерін шешуге жәрдемдесу.
Іс-шара қорытындысы бойынша ұйымдастырушылар мұндай формат тұрғындарға білікті құқықтық көмекті қолжетімді түрде алуға, бейінді мамандарға тікелей жүгінуге және құқықтық сауаттылық деңгейін арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1248522?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау