ШҚО-да «Таза Қазақстан» акциясы аясында профилактикалық рейдтер ұйымдастырылуда
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Шығыс Қазақстан облысының аумағында полиция қызметкерлері, табиғатты қорғау мекемелері, Төтенше жағдайлар органдары және учаскелік полиция инспекторларының қатысуымен бірлескен профилактикалық рейдтер өткізілуде.
Іс-шараның негізгі мақсаты— азаматтар жаппай демалатын орындарда қоғамдық және өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыру.
Рейд барысында қызметкерлер демалушыларға табиғат аясындағы мінез-құлық ережелерін түсіндіріп, белгіленбеген орындарда от жағуға тыйым салынатынын, өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау және су айдындарының маңында тазалықты сақтау қажеттігін еске салады. Сондай-ақ, қоршаған ортаны тұрмыстық қалдықтармен ластау фактілерінің алдын алуға және табиғатты қорғау заңнамасының сақталуына ерекше назар аударылады.
Азаматтармен табиғи ресурстарды сақтаудың маңыздылығы, экологиялық мәдениетті арттыру және белгіленген нормалар мен ережелерді бұзғаны үшін жеке жауапкершілік туралы профилактикалық әңгімелер жүргізілуде.
Мұндай іс-шаралар өрттің алдын алуға, өңірдің экологиялық ахуалын сақтауға, қоғамдық тәртіпті нығайтуға және Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіз демалуы үшін қолайлы жағдай жасауға септігін тигізеді.
ШҚО ПД баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-vko/press/news/details/1248205?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау