Ұлытау облысында “Қарасора-2026” жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында тоғыз есірткі қылмысы анықталды.
Ұлытау облысында есірткі құралдарының заңсыз айналымына тосқауыл қою және құрамында есірткісі бар өсімдіктерді заңсыз өсіру деректерін анықтау мақсатында “Қарасора-2026” республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
Іс-шара басталғалы бері полиция қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде есірткіге қатысты тоғыз қылмыс анықталды. Олардың қатарында есірткі құралдарын заңсыз сақтау және құрамында есірткісі бар өсімдіктерді заңсыз өсіру фактілері бар.
– Жедел уәкілдердің жүргізген жұмыстарының нәтижесінде заңсыз айналымнан 200-ден астам қарасора түбі тәркіленіп, олардың заңсыз айналымға түсуіне жол берілмеді. Қазіргі уақытта барлық тіркелген деректер бойынша Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде, – деді Ұлытау облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Ербол Қайрбеков.
Полиция қызметкерлері есірткі қылмыстарының жолын кесумен қатар, нашақорлықтың алдын алу бағытындағы жұмыстарға да ерекше мән беріп келеді. Осы мақсатта өңірде 50-ге жуық профилактикалық іс-шара ұйымдастырылып, оған 3 мыңға жуық адам қатысты.
Профилактикалық жұмыстар аясында форумдар, жастармен кездесулер, спорттық жарыстар және шығармашылық байқаулар өткізіліп, салауатты өмір салтын насихаттауға және жастардың есірткіге қарсы көзқарасын қалыптастыруға басымдық берілді.
Ұлытау облысы полиция департаментінде есірткі қылмысына қарсы күрес пен профилактикалық жұмыстар тұрақты бақылауда. Бұл бағыттағы кешенді іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/qriim/press/news/details/1249962?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау