ХАЛЫҚ СЕНІМІН АРҚАЛАҒАН ЖАНДАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Жарияланды:

Автор:

категорияда
ХАЛЫҚ СЕНІМІН АРҚАЛАҒАН ЖАНДАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ
 
Жетісай ауданы әкімдігінің үлкен мәжіліс залында «23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күні» мерекесіне арналған салтанатты іс-шара жоғары деңгейде өтті. Ел дамуы жолында аянбай еңбек етіп жүрген мемлекеттік қызметшілерге құрмет көрсетілген мерекелік жиынға аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытов, аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов, аудандық полиция бөлімінің бастығы Мұрат Ермеков, мемлекеттік қызмет саласының ардагерлері мен қызметкерлері қатысты.
 
Салтанатты шара барысында аудан әкімі Серік Мамытов мемлекеттік қызметтің қоғамдағы маңызына ерекше тоқталып, бұл салада еңбек ету үлкен жауапкершілік пен адалдықты талап ететінін атап өтті.
 
«Мемлекеттік қызмет – халықтың сенімін ақтайтын, ел мүддесіне қызмет ететін мәртебелі міндет. Мемлекеттік қызметші – мемлекеттің айнасы. Оның кәсібилігі, әділдігі мен жауапкершілігі мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігіне тікелей ықпал етеді. Халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған әрбір бастама мемлекеттік қызметшілердің тынымсыз еңбегінің нәтижесі. Сондықтан, бұл салада абыроймен еңбек ету – үлкен құрмет әрі зор жауапкершілік» деді аудан басшысы.
 
Мереке аясында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып, кәсіби шеберлігімен және адал еңбегімен ерекшеленген бірқатар мемлекеттік қызметшілер марапатталды. Оларға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысы Е.Қарымсақовтың, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы, генерал-майор Е.Ибраевтың, сондай-ақ, аудан әкімінің Алғыс хаттары табысталды.
 
Салтанатты жиында аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов та сөз сөйлеп, мемлекеттік қызметтің ел өміріндегі маңызды рөлін атап өтті. Ол өз міндетіне адалдық танытып, тұрғындардың игілігі жолында табанды еңбек етіп жүрген бірқатар мемлекеттік қызметшілерді аудандық мәслихаттың алғыс хаттарымен марапаттап, оларға алдағы қызметтеріне толағай табыс тіледі.
 
Мерекелік іс-шараның тағылымды тұстарының бірі – мемлекеттік қызмет қатарына жаңадан қабылданған жас мамандардың салтанатты түрде ант қабылдау рәсімі болды. Бұл рәсім олардың халық пен мемлекет алдындағы жауапкершілігін сезініп, адалдық пен әділдік қағидаттарын берік ұстануға берген серті ретінде ерекшеленді.
 
Мемлекеттік қызметтің мәртебесін арттыруға, ел игілігі жолында аянбай еңбек етіп жүрген азаматтардың еңбегін бағалауға және жас буынның бойында адал қызмет ету қағидаттарын қалыптастыруға бағытталған тағылымды шара соңында аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары концерттік бағдарлама ұсынды.
 
Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-zhetisai/press/news/details/1251196?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version