Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, атап айтқанда Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті, мүгедектігі бар азаматтарға қатысты қайта тексеру жұмыстарын жүргізуде. Бұл тексеру II және III топтағы мүгедектігі бар азаматтарды қамтиды.
Тексеру барысында кейбір азаматтардың жалған медициналық құжаттарды ұсынып, сол арқылы медициналық-әлеуметтік сараптамадан өтіп, мүгедектік мәртебесін заңсыз алған фактілері анықталуда. Қайта тексеру 18 жастан асқан 500 мыңнан астам мүгедектігі бар азаматты қамтиды.
Қазіргі уақытқа дейін жалған құжаттарды пайдалануы мүмкін деген күдікпен шамамен 1300 жағдай анықталды. Оның ішінде 167 жағдайда медициналық құжаттардың қолдан жасалғаны нақты расталды. Атап айтқанда, әртүрлі азаматтарға тиесілі стационарлық емдеу туралы үзінді көшірмелердің, диагностикалық қорытындылардың, зертханалық талдаулардың және басқа да медициналық зерттеу нәтижелерінің бірдей болғаны анықталды.
Анықталған барлық материалдар алаяқтық және өзге де қылмыстық құқық бұзушылық белгілерінің бар-жоғын тексеру үшін құқық қорғау органдарына жолдануда. Сонымен қатар, аталған азаматтар мүгедектігін қайта растау мақсатында медициналық-әлеуметтік сараптамадан көзбе-көз форматта қайта өтуге шақырылады.
Расталған жағдайлардың ең көбі Шымкент қаласында тіркелген. Сондай-ақ мұндай фактілер Атырау, Маңғыстау және Алматы облыстарында анықталды. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, күмән тудырған медициналық құжаттардың басым бөлігі жекеменшік медициналық ұйымдар тарапынан берілген.
Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда. Қазіргі уақытта азаматтар заңсыз алынған мүгедектік бойынша төленген мемлекеттік жәрдемақы қаражатын мемлекетке қайтаруды бастады.
Қосымша бақылауды қамтамасыз ету мақсатында барлық материалдар Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасына да жолданды. Аталған фактілер бойынша қылмыстық құқық бұзушылық белгілерінің бар-жоғы жөніндегі түпкілікті шешімді құзыретті құқық қорғау органдары қабылдайды.
Департамент басшысының орынбасары Б. Ашимов
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek-aktobe/press/news/details/1251633?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау