2026 жылғы 15 наурыздағы республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы 1 шілдеден бастап күшіне енді.
Негізгі жаңашылдықтардың қатарында мемлекеттiң ең жоғары құндылықтары болып табылатын адамды, оның өмiрiн, құқықтары мен бостандықтарын қорғау мәселесін ерекше атап өткен жөн.
«Адамды басты құндылық ретінде тану және адам құқықтарының басымдығы идеялары бүкіл Конституцияның мазмұны арқылы көрініс табады. Олар негізгі қоғамдық институттардың барлығына енгізіліп, мемлекет пен азаматтар үшін басты бағдарларды айқындайды. Негізгі заң терең конституциялық жаңғырудың негіздерін бейнелейді және мемлекеттің одан әрі дамуының берік іргетасы болып табылады», – деп Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев атап өтті.
Тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет Конституцияның Кіріспесінде адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын бұлжытпай сақтау қағидаты жарияланды. Сонымен қатар II бөлімнің атауы да «Негізгі құқықтар, бостандықтар және міндеттер» болып өзгертіліп, адам құқықтарының басым рөлін тағы бір мәрте айқындады.
Негізгі заңда адамның өмір сүру құқығы барынша абсолютті түрде бекітілген. Дәл осы құқық әр адамға туғаннан тиесілі болғандықтан, ажырамас әрі айырылмайтын құқық ретінде танылады.
Бұл – барлық құқықтардың негізі, өмір сүру құқығынсыз өзге де бостандықтар мен құқықтардың болуы мүмкін емес. Мемлекет тарапынан өмір сүру құқығына берілетін кепілдік – ешкімнің адамды өз бетінше өмірінен айыра алмайтындығында.
Адам өмірін ең жоғары құндылық ретінде жариялаған Қазақстан осыдан 5 жыл бұрын халықаралық міндеттемелерді өз мойнына алып, кейін 2022 жылы өлім жазасын жойды. Бұл қағидат жаңа Конституцияда нақты бекітілген.
Негізгі құқықтар бөлімінде кінәсіздік презумпциясына айрықша мән берілген. Сот оның кінәсін дәлелдегенге дейін адам қоғам алдында әуел бастан кінәсіз деп танылуға тиіс.
Бұл – өркениетті ұстаным. Осы арқылы адам мерзімінен бұрын қоғамдық айыптаудан қорғалып, оның абырой-беделі сақталады.
Конституцияның осы бөлімінде әділдік пен жазаның сәйкестігіне қатысты халықаралық қағидаттарға кепілдік беріледі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanai-auliekol-amankaragai/press/news/details/1251668?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау