Павлодар қаласының орталық жағалауында Балаларды қорғау халықаралық күніне арналған ауқымды мерекелік іс-шара өтті. Өңірдің жас тұрғындары үшін түрлі ойын-сауық және танымдық алаңдар ұйымдастырылып, олардың жұмысына Павлодар облысы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері белсенді қатысты.
Құтқарушылар балаларға арнап қызықты әрі мазмұнды бағдарлама дайындады. Іс-шара барысында бүлдіршіндер өрт сөндіруші мен құтқарушы мамандықтарымен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды. Балалар арнайы жабдықтардың көмегімен шартты өртті сөндіріп көрді, өрт сөндірушілердің жауынгерлік киімін киіп, мамандандырылған техникалармен және заманауи өрт сөндіру роботымен танысты.
Балалардың ерекше қызығушылығын шығармашылық алаң тудырды. Мұнда жас суретшілер өрт сөндірушілердің портреттерін табиғат аясында салып, олардың қызметі туралы көбірек білді. Сонымен қатар, әрбір қатысушы құтқарушылармен тілдесіп, естелік суретке түсуге мүмкіндік алды. Балаларға тәтті сыйлықтар мен естелік кәдесыйлар табысталды.
Мерекелік бағдарламаға ҚР ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының қызметкерлері де қосылды. Мамандар балаларға алғашқы медициналық көмек көрсетудің негізгі тәсілдерін қызықты әрі түсінікті түрде түсіндірді. Тәжірибелік сабақ барысында балалар төтенше жағдайларда дұрыс әрекет ету дағдыларын меңгеріп, жедел медициналық көмек келгенге дейін адамның өмірін сақтап қалуға көмектесетін маңызды білім алды.
Мерекелік көңіл-күйге қарамастан, ТЖД қызметкерлері профилактикалық жұмыстарды да назардан тыс қалдырған жоқ. Балалар мен олардың ата-аналарына тұрмыста, көшеде және су айдындарында қауіпсіздік ережелерін сақтау қажеттігі түсіндірілді. Сондай-ақ жазғы демалыс кезеңіндегі сақтық шаралары мен төтенше жағдайлар туындаған кездегі іс-қимыл тәртібі туралы ақпарат берілді.
Құтқарушылардың айтуынша, жас ұрпақтың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру профилактикалық жұмыстың маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Осындай іс-шаралар балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап қана қоймай, олардың жеке қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауына ықпал етеді.
Бақытты балалық шақ – қауіпсіз балалық шақ!
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/emer-pavlodar/press/news/details/1251334?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау