Құрметті Түркістан жұртшылығы!

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Ардақты ағайын!

Бүгін, 1-шілдеден бастап бүкіл халық болып қабылдаған Жаңа Конституция күшіне енді.

Бұл – еліміздің жаңа даму кезеңін айқындаған тарихи күн. Халықтың қолдауымен қабылданған Ата Заңымыз мемлекетіміздің саяси жүйесін жаңғыртып, Әділетті Қазақстанды құрудың берік құқықтық негізіне айналды.

Жаңа Конституция ең алдымен адам құқығы мен бостандығын қорғауды күшейтті. «Адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» қағидатын басты құндылық ретінде орнықтырды. Мемлекеттің әлеуметтік жауапкершілігін арттырып, білім, ғылым мен инновацияны дамудың негізгі бағыты ретінде айқындады. Заң үстемдігін, әділдік пен тәртіпті, табиғатқа жанашырлықты конституциялық деңгейде бекітті. Мұның бәрі – Әділетті Қазақстанды құру жолындағы маңызды тарихи таңдау.

Түркістан жұртшылығы бұл маңызды бастаманы алғашқылардың бірі болып қолдады. Референдумға қатысу көрсеткіші бойынша өңіріміз республикадағы көшбасшы өңірлердің қатарынан көрінді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңір тұрғындарының жоғары азаматтық белсенділігіне арнайы алғыс айтып, Түркістан халқының елдік мүдде жолындағы ауызбіршілігін жоғары бағалады.

Президент атап өткендей, жаңа Конституция еліміздің саяси және идеологиялық арқауына айналып, халық игілігіне қызмет етеді. Ол азаматтардың әл-ауқатын арттыруға, отаншылдықты, еңбекқорлықты және табиғатқа жанашырлықты дәріптеуге бағытталды.

Бүгінде Түркістан облысында осы конституциялық құндылықтарға негізделген ауқымды жұмыстар өз нәтижесін беріп келеді. Өңір экономикасы тұрақты өсіп, жаңа өндіріс орындары ашылуда. Инвестиция көлемі артып, ауыл шаруашылығы, туризм, кәсіпкерлік, білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік инфрақұрылым қарқынды дамуда. Түркі әлемінің рухани астанасы саналатын қасиетті Түркістанның халықаралық беделі нығайып, өңірдің әлеуеті жылдан-жылға артып келеді.

Жаңа Конституция – елдің болашағын айқындаған, заң үстемдігін орнықтырған, әділетті қоғамның берік іргетасын қалаған тарихи құжат.

Баршаңызды осы тарихи күнмен құттықтаймын! Жаңа Конституциямыз мемлекетіміздің тұрақты дамуына, ел бірлігі мен халқымыздың әл-ауқатының артуына қызмет ете берсін!

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/1251610?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version