Құрманғазы ауданының жаңа логотипін бірге жасайық!
Құрметті жерлестер!
Құрманғазы ауданы – тарихы терең, рухы биік, өнері өркендеген қасиетті өлке. Уақыт алға жылжыған сайын өңіріміздің айрықша болмысын жаңа көзқараспен танытатын заманауи рәміздерге де сұраныс артып келеді. Осыған байланысты Құрманғазы ауданының жаңа логотипін анықтау мақсатында ашық конкурс жарияланды.
Бұрынғы эмблема уақыт талабына сай келмей, моральдық тұрғыдан ескірді. Енді ауданымыздың болмысын, тарихын, табиғатын, мәдени мұрасын және даму бағытын бейнелейтін жаңа, креативті, көркем логотип қажет.
Бұл конкурс – әр тұрғынға туған жердің брендингіне өз үлесін қосуға тамаша мүмкіндік. Жаңа логотип Құрманғазы ауданының бет-бейнесін, аймақтық ерекшелігін және заманауи бағыттағы даму рухын көрсететін басты нышан болмақ.
Конкурсқа қатысуға суретшілер, дизайнерлер, шығармашыл жастар мен барша аудан, облыстар тұрғындары шақырылады.
📅 Конкурс уақыты: 8 – 23 шілде 2026 жыл
📩 Жұмыстарды қабылдау: Kurm_ovp@mail.ru
🎁 Жеңімпаздар: Алғыс хаттармен және естелік сыйлықтармен марапатталады
Келіңіздер, құрметті ағайын!
Өз ойыңыз бен талғамыңыз арқылы Құрманғазы ауданының келбетін бірге айшықтайық.
Бірге – қазіргі заманға сай, ұлттық реңі бар логотип жасайық!
Құрманғазы – рухы мен тарихы мәңгі өлмес өлке.
Ал оның символы – біздің ортақ мақтанышымыз!
Атырау облысы Құрманғазы ауданының өңірлік нышанын әзірлеу туралы конкурс жариялау ережесі
1-бөлім. Жалпы ережелер
Осы Ереже «Өңірлік нышан жобасын әзірлеу қағидаларына» (Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің 2024 жылғы 30 қазандағы №503-НҚ бұйрығы) және «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңның 27-бабының 1-тармағы 1-17) тармақшасына сәйкес әзірленді.
Ереже Құрманғазы ауданының өңірлік нышанын (эмблема, белгі) әзірлеу бойынша ашық конкурс өткізудің тәртібін, талаптарын және кезеңдерін айқындайды.
Конкурстың мақсаты – Құрманғазы ауданының тарихи, мәдени, табиғи және әлеуметтік-экономикалық ерекшеліктерін бейнелейтін өңірлік нышанның үздік жобасын анықтау.
Конкурсты ұйымдастырушы – Атырау облысы Құрманғазы ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі (бұдан әрі – Ұйымдастырушы).
Конкурсқа Қазақстан Республикасының азаматтары, сондай-ақ авторлық топтар қатыса алады.
2-бөлім. Конкурсты ұйымдастыру және өткізу тәртібі
Конкурс ашық түрде өткізіледі және келесі кезеңдерден тұрады:
1) Конкурс туралы хабарландыруды аудан әкімдігінің ресми интернет-ресурсында және әлеуметтік желілерде орналастыру;
2)Өтінімдерді қабылдау;
3) Ұйымдастырушының жобаларды бастапқы техникалық және мазмұндық талаптарға сәйкестігін қарауы;
4) Қоғамдық онлайн және офлайн талқылаулар өткізу;
5) Сараптамалық комиссияның бағалауы;
6) Үздік жобаны аудандық мәслихаттың шешімімен бекіту.
Хабарландыру конкурс басталғанға дейін кемінде 3 ай бұрын жарияланады.
8. Конкурсқа қатысу үшін үміткерлер қазақ және орыс тілдерінде келесі құжаттарды тапсырады:
– өтінім (еркін нысанда);
– нышан жобасының графикалық үлгісі (2D/3D форматта);
– түсіндірме жазба (нышанның мағынасы мен элементтерінің сипаттамасы);
– қатысушы туралы мәлімет (аты-жөні, байланыс деректері).
9. Жоба Құрманғазы ауданының табиғи байлықтарын, тарихын, мәдени мұрасын және заманауи даму бағытын бейнелеуі тиіс. Нышанда мемлекеттік рәміздер, діни және рулық белгілер, сондай-ақ басқа ұйымдардың логотиптері пайдаланылмауы керек.
3-бөлім. Бағалау және іріктеу тәртібі
Жобаларды бағалау үшін аудан әкімінің өкімімен Сараптамалық комиссия құрылады. Оның құрамына мәдениет, тарих, дизайн, тіл және қоғам өкілдері кіреді.
Комиссия бағалау кезінде келесі өлшемдерді басшылыққа алады:
– идеяның өзіндік ерекшелігі мен көркемдік шешімі;
– нышанның мағыналық мазмұны және аймақтық сәйкестігі;
– орындалу сапасы мен техникалық талаптарға сәйкестігі;
– қолдануға ыңғайлылығы (цифрлық, баспа, визуалды форматтарда).
Ең жоғары балл жинаған 3 жоба көпшілік дауысқа салынып, қоғамдық талқылауға шығарылады (ауданның ресми сайты және әлеуметтік желілер арқылы).
13. Қоғамдық талқылаулардың нәтижесі хаттамамен рәсімделеді және комиссия қарауына ұсынылады.
Сараптамалық комиссияның қорытындысы негізінде үздік деп танылған жоба аудандық мәслихаттың шешімімен бекітіледі.
4-бөлім. Қорытынды ережелер
Жеңімпазға аудан әкімінің атынан алғыс хат және ақшалай сыйақы (немесе естелік сыйлық) табысталады.
Жеңімпаз жобаның авторлық құқығын сақтай отырып, нышанды Құрманғазы ауданының ресми рәмізі ретінде пайдалануға рұқсат береді.
Конкурс нәтижелері аудан әкімдігінің ресми сайтында және жергілікті БАҚ-та жарияланады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau-kurmangazy/press/news/details/1255106?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау