ХАНТАҒЫ АУЫЛЫНДА ЖАҢА ФУТБОЛ АЛАҢШАСЫ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ
Кентау қаласына қарасты Хантағы ауылында заманауи салынған жаңа футбол алаңшасы ел игілігіне пайдалануға берілді. Ауыл тұрғындары үшін маңызды нысанның ашылу салтанатына Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов қатысып, тұрғындарды қуанышты сәтпен құттықтады.
Салтанатты іс-шараға қалалық мәслихат депутаттары, ауыл ақсақалдары, тұрғындар және жастар қатысты.
Қала әкімі өз сөзінде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде бұқаралық спортты дамытуға, тұрғындардың спортпен тұрақты айналысуына қолайлы жағдай жасауға ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтті.
«Бұл жаңа спорт алаңы ауыл жастарының бос уақытын тиімді өткізіп, дене шынықтырумен және спортпен тұрақты айналысуына, салауатты өмір салтын қалыптастыруына зор мүмкіндік береді. Бүгінде Хантағы ауылында тек осы нысан ғана емес, елді мекеннің инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған бірқатар жұмыстар қатар жүргізілуде. Атап айтқанда, жолдарға асфальт төсеу, көпір құрылысы, балалар ойын алаңшаларын салу секілді маңызды жобалар іске асырылуда. Мұндай игі бастамалар алдағы уақытта да кезең-кезеңімен жалғасын табатын болады», – деді Жандос Тасов.
Сонымен қатар қала басшысы ауыл тұрғындарының игілігі жолындағы бұл жобаның жүзеге асуына қолдау көрсетіп, демеушілік танытқан және бастамашы болған барша азаматтарға ризашылығын білдірді.
Іс-шара аясында ауыл жастары арасында ұйымдастырылған футбол турнирінің жеңімпаздары мен жүлдегерлері марапатталып, оларға бағалы сыйлықтар табысталды.
Айта кетейік, бүгінде Хантағы ауылында тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған кешенді жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, ауылішілік көшелерге асфальт төсеу, жаңа көпір салу және балалар ойын алаңшаларын орнату жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-kentau-kalasy/press/news/details/1255386?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау