Келес ауданында заңсыз жер қойнауын пайдалану мәселелеріне арналған кеңейтілген мәжіліс өтті. Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаевтың төрағалығымен өткен жиынға ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің бастығы Айдын Болатұлы Төребеков, аудан прокуроры Нұрлан Ешенқұлов, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Жеңіс Лесбаев, құқық қорғау органдарының, салалық мекемелердің басшылары мен ауылдық округ әкімдері қатысты.
Жиында аудан аумағындағы заңсыз жер қойнауын пайдалану фактілерінің алдын алу және оларды анықтау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жан-жақты сараланды. Биылғы жылдың өзінде заңсыз жер қойнауын пайдаланудың 7 дерегі анықталған. Оның ішінде 6 дерек Келес өзенінің жағалауында тіркеліп, заң аясында тиісті шаралар қабылдау үшін Түркістан облысының Экология департаментіне жолданған. Ауданда бүгінде жер қойнауын пайдалануға рұқсат алған 5 кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. Олар кірпіш, құм және тас өндірумен айналысады. Алайда жиында аталған лицензиялардың ешқайсысы өзеннің су қорғау аймағында пайдалы қазбаларды өндіруге құқық бермейтіні ерекше атап өтілді.
Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев Керегетас пен Жаңадәуір елді мекендері аумағындағы кейбір кәсіпкерлердің қызметіне қатысты тұрғындар тарапынан көптеген шағым түсіп жатқанын айтты. Сондай-ақ Құйған елді мекеніндегі кәсіпкердің жұмысы жергілікті тұрғындардың наразылығына байланысты тоқтатылғанын жеткізді. Қазіргі таңда аудан аумағында заңсыз жер қойнауын пайдаланудың жолын кесу мақсатында аудандық полиция бөлімі екі арнайы жұмыс тобын құрған. Мәжілісте аудан әкімі жұмыс топтарының құрамын қайта жасақтауды тапсырып, олардың құрамына облыстық Экология департаменті мен полиция қызметкерлерін енгізуді міндеттеді.
Өз кезегінде прокуратура өкілдері жер қойнауын пайдаланушы кәсіпкерлердің лицензиялары заң талаптарына сәйкестігі тұрғысынан қайта зерделенетінін мәлімдеді. Мәжілісте Келес өзені жағалауындағы қауіпсіздік мәселелері де көтерілді. Атап айтқанда, өзен жағалауының опырылуы салдарынан тұрғын үйлерге қауіп төнген аумақтар сөз болды. Бұған дейін мұндай қауіп аймағында орналасқан тұрғындарға баламалы жер ұсынылып, өткен жылы басқа тұрғын үйге көшіру жұмыстары жүргізілгені айтылды.
Айта кетейік, Келес өзені ауданның алты ауылдық округі арқылы ағып өтеді. Оның ішінде Абай және Біртілек ауылдық округтері қауіпсіз аймақта орналасса, Жуантөбе мен Жаңадәуір елді мекендерінің аумағында қауіп жоғары учаскелер бар. Төтенше жағдайлар бөлімінің мәліметінше, осы уақытқа дейін Келес өзенінің арнасын реттеу бойынша 11 нүктеде жұмыстар жүргізілген. Қосымша тағы 5 қауіпті учаскені нығайту және ретке келтіру жоспарланып отыр. Жиын қорытындысында жауапты мекемелерге заңсыз жер қойнауын пайдалану деректерін анықтау, бақылауды күшейту, рейдтік жұмыстарды жүйелі жүргізу және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында нақты тапсырмалар берілді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-keles/press/news/details/1254020?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау