Облыстық мәслихат депутаттары балалардың жазғы сауықтыру лагерлерінің жұмысымен танысты

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Атырау облыстық мәслихатының Әлеуметтік және мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы Бақыт Каметов, комиссия мүшелері Фатима Төлеева, Бағыт Шеркешбаева өңірдегі балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру шараларын зерделеу аясында Махамбет ауданындағы «Арай» және Индер ауданындағы «Жас өркен» балалар сауықтыру лагерлерінің жұмысымен танысты.
Алдымен Махамбет ауданында орналасқан «Арай» балалар сауықтыру лагеріне барды, биыл мұнда 480 баланы қамту жоспарланған. Депутаттар барған уақытта лагерьде үшінші кезеңнің балаларын қабылдау және орналастыру жұмыстары жүргізілуде.
Балалардың жатын орындары, асхана, спорт және ойын алаңдарын аралап, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тамақтандыруды ұйымдастыру және бос уақытын мазмұнды өткізуге бағытталған жұмыстармен танысты. Лагерь ұжымының балалардың жайлы әрі қауіпсіз демалысын ұйымдастыру бағытында мүмкіндіктеріне қарай тиянақты жұмыс жүргізіп отырғаны байқалды.
Одан кейін Индер ауданының Елтай ауылдық округінде орналасқан «Жас өркен» балалар сауықтыру лагерінің жұмысымен танысты. Өңірдегі ірі балалар сауықтыру лагерлерінің бірі саналатын лагерьде биыл 1008 баланы жазғы демалыспен қамту жоспарланған.
«Жас өркен» балалар сауықтыру лагері аумағы кең, табиғи ортасы балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруға қолайлы. Балалардың қауіпсіз, жайлы әрі мазмұнды демалуына қажетті жағдай жасалған. Лагерь аумағының тазалығы мен көріктендірілуіне тиісті көңіл бөлініп, мұнда балалардың демалысына жайлы әрі жылы атмосфера қалыптасқан. Сонымен қатар, балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында спорттық, мәдени-танымдық және шығармашылық бағыттағы іс-шаралар өткізуге мүмкіндер қарастырылған.
Лагерь басшылығы жазғы демалысты ұйымдастыру қызметі туралы ақпарат беріп, балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру сапасын одан әрі арттыруға қатысты бірқатар өзекті мәселелерді ортаға салды. Атап айтқанда, лагерьлердің материалдық-техникалық базасын нығайту, жөндеу жұмыстарын жүргізуге қаржы бөлу, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету және штаттық қызметкерлер санын жетілдіру мәселелері көтерілді.
Комиссия төрағасы Бақыт Каметов лагерь жұмысымен арнайы танысып, осы бағыттағы жұмыстардың жай-күйі назарға алынғандығын атап өтті. Сондай-ақ өңірдегі жазғы демалысты ұйымдастыруға қатысты түйткілді мәселелер тұрақты комиссия мүшелерімен зерделеніп, нәтижесі бойынша тиісті ұсыныстар енгізілетін болады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maslihat-atyrau-region/press/news/details/1253369?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version