Жазғы шомылу маусымының қызып тұрған шағында халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету-жергілікті атқарушы органдар мен жауапты мекемелердің басты назарында. Осы ретте, аудан әкімінің тікелей тапсырмасы аясында Қарақия ауданының орталығы-Құрық ауылындағы теңіз жағажайында демалушылар мен аудан тұрғындарына арналған ауқымды түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Тұрғындар арасында алдын алу және сақтандыру шараларын жүргізу мақсатында құрылған рейдтік топтың құрамында аудан әкімінің орынбасары, Құрық ауылы әкімінің орынбасары, сондай-ақ аудандық прокуратура, полиция бөлімі, төтенше жағдайлар бөлімі, кәсіпкерлік бөлімі және санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының өкілдері болды.
Арнайы мамандар жағажайда тынығып жатқан азаматтармен тікелей тілдесіп, суға шомылу кезіндегі ең маңызды ережелер мен талаптарды жіпке тізгендей түсіндіріп өтті. Сала мамандары мен құқық қорғау органдарының өкілдері ең алдымен ата-аналардың жауапкершілігіне тоқталып, жас балаларды су жиегінде ешқандай қараусыз қалдырмау қажеттігін қатаң ескертті. Мұнымен қоса, қайғылы жағдайлардың басым бөлігі спирттік ішімдік тұтынудан болатынын алға тартқан топ мүшелері демалушыларды мас күйінде теңізге түспеуге және өз өмірлеріне салғырт қарамауға шақырды.
Шара барысында жағалаудағы кәсіпкерлік нысандардың да тәртіпті сақтауы, тазалық пен қауіпсіздік нормаларының орындалуы жіті тексерілді. Жауапты мекеме өкілдері тұрғындар мен қонақтарға ескерту парақшаларын таратып, демалыстың қайғылы жағдайға ұласпауы әр азаматтың жеке жауапкершілігі мен сақтығына тікелей байланысты екенін назарға алды.
Қарақия ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimat-karakiya/press/news/details/1254763?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау