Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында Шығыс Қазақстан облысында заңсыз қоқыс орындарын анықтау және жою бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтылды.
Биыл «Қазақстан Ғарыш Сапары» АҚ жүргізген мониторинг нәтижесінде аймақта 127 заңсыз орын анықталды. Қазір олардың екеуі толықтай жойылды. Қалған нысандар бойынша жергілікті атқарушы органдар тиісті жұмыстарды жалғастыруда.
Анықталған заңсыз қоқыс орындарының басым бөлігі Ұлан,Глубокое аудандарында, Өскемен, Алтай қалаларында орналасқан. Ал заңсыз қоқыс орындарын жою жөніндегі шараларды бекітілген талапқа сай орындамаған 7 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Бұдан бөлек, жыл басынан бері қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарында 8 жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Оның қорытындысы бойынша экологиялық заңнама талаптарын бұзғандар анықталып, кінәлі тұлғаларға әкімшілік шара қолданылды.
Брифингте құрылыс қалдықтарын заңсыз орналастырудың алдын алу, кәсіпкерлердің мамандандырылған ұйымдармен қоқыс шығару жөніндегі шарттарының болуын бақылау және тұрмыстық қалдықтарды басқару саласындағы талаптардың сақталуын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жалғасып жатқаны айтылды.
Экология департаменті заңсыз қоқыс орындарын анықтау мен жою, қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттік бақылауды күшейту жұмыстарын алдағы уақытта да жүзеге асырады.
2026 жылдың басынан бері облыс аумағында 5 мыңнан астам әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. Оның ішінде 4 332 дерек Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабы бойынша елді мекендерді абаттандыру қағидаларын бұзуға, ал 832 дерек 434-2-бабы бойынша ортақ пайдаланылатын орындарды ластауға қатысты.
Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті тұрғындарды абаттандыру қағидаларын сақтауға, қоқысты арнайы белгіленбеген орындарға тастамауға және қоршаған ортаға ұқыпты қарауға шақырады. Өңірдің тазалығы – әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/1253569?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау