Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 87-бабының 5-тармағының 5) тармақшасына сәйкес жұмыскерлерге (басқа да әлеуметтік демалыстармен қатар) скринингтік зерттеулерден өту үшін жыл ішінде үш жұмыс күнінен аспайтын мерзімге әлеуметтік демалыс беріледі.
Скринингтік зерттеулерден өтуге арналған демалыс жыл ішінде жұмыс күндеріне қатарынан үш күн ретінде де, сондай-ақ күнтізбелік жыл ішінде бөліп-бөліп те берілуі мүмкін.
Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, әлеуметтік демалыста болған кезең еңбек өтіліне есептеледі.
Демалыс беру жұмыс берушінің актісімен ресімделеді.
Кодекстің 23-бабының 2-тармағының 26-1) тармақшасына сәйкес жұмыс беруші жұмыскерге Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасында белгіленген тәртіппен және көлемде жұмыс орны (лауазымы) мен орташа жалақысы сақтала отырып, скринингтік зерттеулерден өту үшін демалыс беруге міндетті.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінің 87-бабының 4-тармағына сәйкес жұмыс берушілер профилактикалық қарап-тексерулерге жататын адамдардың тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде скринингтік зерттеулерден өтуі үшін жағдай жасауға, сондай-ақ оларды жұмыс уақыты ішінде жұмыс орнын (лауазымын) және орташа жалақысын сақтай отырып, Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес кедергісіз босатуға міндетті.
Осылайша, жоғарыда аталған әлеуметтік демалысты жұмыс күндері беру – жұмыс берушінің міндеті болып табылады.
Өз кезегінде, Қазақстан Республикасы азаматтары профилактикалық медициналық қарап-тексерулерден және скринингтік зерттеулерден өтуге міндетті («Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 80-бабының 3) тармақшасы).
Скринингтік зерттеулер – клиникалық белгілері мен шағымдары жоқ халыққа әртүрлі ауруларды ерте кезеңде анықтау және олардың дамуының, сондай-ақ туындау қауіп факторларының алдын алу мақсатында жүргізілетін медициналық тексерулер кешені («Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 1-бабы 1-тармағының 234) тармақшасы).
Скринингтік зерттеулерден өтуге жататын нысаналы топтар, сондай-ақ осы зерттеулерді жүргізу қағидалары, көлемі және кезеңділігі Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 30 қазандағы № ҚР ДСМ-174/2020 бұйрығымен бекітілген.
Аталған бұйрыққа сәйкес скринингтік зерттеулерді жүргізу үшін амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдары (бұдан әрі – АЕК ұйымдары) медициналық ұйымға тіркелген халықтың ішінен скринингтік зерттеулерден өтуге жататын нысаналы топтарды қалыптастырады және оларды телефон арқылы хабарласу, SMS-хабарлама жіберу, үй-үйді аралау, сондай-ақ ресми интернет-ресурстар мен әлеуметтік желілердегі аккаунттар арқылы жүргізілетін ақпараттық науқандар арқылы скринингтік зерттеулерден өтуге шақырады.
Скринингтік зерттеулерден өту үшін демалыс беруге амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін ұйымдардың тиісті хабарламалары да, сондай-ақ жұмыскердің өз бастамасымен мұндай зерттеулерден өту туралы шешімі де негіз бола алады.
Скринингтік зерттеулерден өту азаматтың міндеті болғанымен, жұмыс берушілер жұмыскерлерді олардан өтуге мәжбүрлей алмайды.
Алайда, егер жұмыскер скринингтік зерттеулерден өтуге ниет білдірсе, жұмыс беруші оны жұмыстан босату және орташа жалақысын сақтау арқылы мұндай зерттеулерден өтуіне қажетті жағдай жасауға міндетті.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/shymkent-enbek-inspekstiaysy/press/news/details/1254995?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау