«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Жетісу облысы Полиция департаментінің қызметкерлері абаттандыру қағидалары мен аумақтарды күтіп-ұстау талаптарының сақталуын бақылау және құқық бұзушылықтардың жолын кесу жұмыстарын жалғастыруда.
Кезекті құқық бұзушылық дерегі Талдықорған қаласында тіркелді. Бейнебақылау камераларының көмегімен полицейлер құрылыс қалдықтарын белгіленбеген жерге төккен 38 жастағы жергілікті тұрғынды анықтады. Аталған құқық бұзушылық үшін азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Полицейлер тазалық әр азаматтың жеке жауапкершілігінен басталатынын атап өтеді. Бұл ретте ересектердің үлгісі ерекше маңызды. Себебі балалар мен жастардың қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениеті ең алдымен үлкендердің іс-әрекетіне қарап қалыптасады.
Жыл басынан бері Жетісу облысының полицейлері абаттандыру қағидалары мен аумақтарды күтіп-ұстау талаптарын бұзуға байланысты 9 мыңға жуық әкімшілік құқық бұзушылықты анықтап, жолын кесті.
Жетісу облысының Полиция департаменті өңір тұрғындары мен қонақтарын тазалықты сақтауға, қоқысты белгіленбеген орындарға тастамауға және қаладағы тәртіп әркімнің жауапкершілігіне байланысты екенін ұмытпауға шақырады. Тек бірлескен күш-жігердің арқасында қоршаған ортаны таза, қауіпсіз әрі жайлы күйде сақтай аламыз.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-zhetysu/press/news/details/1255053?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау