Алакөл көлінің жағалауында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің заманауи цифрлық жүйесі енгізілді. Демалыс аймағының аумағына жасанды интеллект элементтерімен жабдықталған 223 бейнебақылау камерасы орнатылған.
Қоғамдық орындардағы жағдайды полиция қызметкерлері тәулік бойы бақылауда ұстайды. Интеллектуалды жүйе құқық бұзушылықтарды жедел анықтауға, ықтимал қауіпті жағдайлардың алдын алуға, жоғалған балалар мен ересектерді іздеуге, сондай-ақ демалушылардың абайсызда қалдырып кеткен ұялы телефондары мен басқа да жеке заттарын табуға көмектеседі.
Биылғы курорттық маусымда жасанды интеллект мүмкіндіктері полиция қызметкерлерінің жұмысын едәуір жеңілдетіп, іздестіру шараларына жұмсалатын уақытты қысқартты.
Бұған дейін мыңдаған демалушының арасынан жоғалған адамды табу үшін көптеген полиция қызметкерін жұмылдыру қажет болатын. Тәртіп сақшылары жағажайларды, демалыс орындарын және оларға іргелес аумақтарды жаяу аралап, іздеу жұмыстарын жүргізетін.
Бүгінде іздеу аппараттық-бағдарламалық кешенге енгізілген интеллектуалды жүйе арқылы жүзеге асырылады.
Ол үшін іздеудегі адамның сыртқы белгілерін, оның ішінде киімінің түсі мен түрін жүйеге енгізу жеткілікті. Мәселен, «ақ жейде, қара шалбар» деген сипаттама енгізілген жағдайда, жүйе бейнежазбаларды автоматты түрде талдап, көрсетілген белгілерге сәйкес келетін адамдарды экранға шығарады. Сондай-ақ олардың бейнекамераларға түскен орындары мен қозғалыс бағытын анықтауға мүмкіндік береді.
Алынған мәліметтердің көмегімен полиция қызметкерлері өтініш білдірген азаматтармен бірге іздеудегі адамды жылдам анықтап, оның орналасқан жеріне жақын маңдағы полиция нарядын бағыттайды.
Осылайша, бұған дейін ұзақ уақыт пен қосымша күш жұмылдыруды қажет еткен іздеу жұмыстары бүгінде компьютер тінтуірінің бір батырмасын басу арқылы басталады.
Цифрлық технологиялардың мүмкіндігі әсіресе кішкентай балаларды іздеу кезінде маңызды. Адам көп шоғырланған демалыс орындарында бала санаулы сәтте ата-анасының көзінен таса болуы мүмкін. Интеллектуалды жүйе баланың сыртқы белгілері бойынша оның қозғалыс бағытын жедел анықтауға және іздеу уақытын едәуір қысқартуға мүмкіндік береді.
Бейнебақылау камералары демалушылар абайсызда қалдырып кеткен ұялы телефондар мен басқа да жеке заттарды іздеу кезінде де көмектеседі. Бейнежазбаларды зерделеу арқылы оқиғаның мән-жайын анықтап, жоғалған заттың ықтимал орналасқан жерін белгілеуге болады.
Жасанды интеллект полиция қызметкерлерінің жұмысын алмастырмайды. Керісінше, азаматтардың өтініштеріне жедел ден қоюға және адамдар көп жиналатын демалыс орындарындағы қауіпсіздікті тиімді қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін заманауи цифрлық құралға айналды.
Абай облысы Полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік деңгейін арттыруға, тұрғындар мен өңір қонақтарына қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасауға бағытталған заманауи технологияларды енгізу жұмыстарын жалғастыруда.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-abay/press/news/details/1255979?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау