Алматы қаласы Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Айдын Кабдулдинов бірқатар негізгі бағыттағы жұмысты күшейтуді талап етті. Оның айтуынша, қылмыстық құқық бұзушылықтардың жалпы тіркелуі шамамен 11 пайызға төмендегенімен, босаңсуға негіз жоқ. Әсіресе, ауыр қылмыстардың жекелеген санаттарының, жасөспірімдер қылмысының, отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылықтардың өсуі және профилактикалық жұмыстың жеткіліксіз тиімділігі алаңдаушылық туғызады.
Бұл міндеттер Алматы қаласы Полиция департаментінің 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы жедел-қызметтік жұмысының қорытындыларына арналған жедел кеңесте қойылды.
Кеңесті ашқан департамент бастығы Мемлекет басшысы мен Ішкі істер министрлігі айқындаған «Заң мен Тәртіп» қағидаты ішкі істер органдары қызметінің басты бағдары болып қала беретінін атап өтті. Сонымен қатар жекелеген көрсеткіштердің жақсаруы талапты төмендетуге себеп болмауы тиіс екенін айтты.
Жалпы қылмыстық құқық бұзушылықтардың саны азайғанымен, кісі өлтіру, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, бұзақылық, мас күйде жасалған қылмыстардың өскені атап өтілді. Сондай-ақ аса ауыр қылмыстардың жекелеген түрлерінің ашылу көрсеткішінің төмендеуіне ерекше назар аударылды.
Осыған байланысты Айдын Кабдулдинов қалыптасқан жағдайдың себептеріне жан-жақты талдау жүргізуді, профилактикалық жұмысты күшейтуді және аумақтық бөлімшелер басшыларының жедел-қызметтік жұмыстың нәтижелері үшін жеке жауапкершілігін арттыруды тапсырды.
«Интернет-алаяқтыққа қарсы күресті күшейту қажет. Қылмыстық қаржы схемаларын жедел бұғаттауды, алаяқтық топтарының барлық қатысушыларын анықтауды, дропперлерді әшкерелеу жұмыстарын жандандыруды және жәбірленушілердің ұрланған қаражатын қайтару бойынша қосымша шаралар қабылдауды тапсырамын», – деді Айдын Кабдулдинов.
Кеңесте ұйымдасқан қылмыс пен есірткі бизнесіне қарсы іс-қимылға да ерекше назар аударылды. Департамент бастығы жастардың қылмыстық топтарының жолын кесу, есірткі зертханаларын анықтап жою, есірткінің таралу арналарының жолын кесу және есірткі жарнамасын жою жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Бұл бағыттар бойынша нақты мерзімдер белгіленді.
Басым бағыттардың қатарында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимыл, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, полиция қызметіне цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні енгізу, бейнебақылау және байланыс жүйелерін жаңғырту, сондай-ақ заңдылық пен қызметтік тәртіпті нығайту мәселелері де айқындалды.
Кеңесті қорытындылаған Айдын Кабдулдинов «Заң мен Тәртіп» қағидаты мемлекеттік саясаттың негізі ғана емес, әрбір полиция қызметкерінің күнделікті жұмыс стандартына айналуы тиіс екенін атап өтті. Бөлімше басшыларына үшінші тоқсан қорытындысы бойынша нақты нәтижелерге қол жеткізу тапсырылып, қойылған міндеттердің орындалуына қатысты жеке жауапкершілік ерекше бақылауда болатыны ескертілді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-almaty/press/news/details/1257741?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау