Асайын Байханов пен су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Баянауылда өткен «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясына қатысты

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Павлодар облысында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында Қазақстан Республикасы су ресурстары және ирригация министрлігімен ұйымдастырылған республикалық «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясының екінші кезеңі өтті.

Өңірдегі экологиялық акция Баянауыл ауылындағы бұлақ басында ұйымдастырылды. Іс-шараға су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов, мемлекеттік органдардың өкілдері, жастар және қоғамдық ұйымдардың мүшелері, еріктілер, ақсақалдар мен аудан тұрғындары қатысты.

Іс-шараның ашылуында Асайын Байханов табиғи су көздерін сақтау – мемлекет пен қоғамның ортақ міндеті екенін атап өтті.

– Павлодар облысында Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасы жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Өткен жылы өңірде 40 саябақ абаттандырылып, елді мекендерде 90 мың түп ағаш отырғызылды, сондай-ақ орман қорына 30 млн қарағай көшеті егілді. Биылғы жылы «Мөлдір бұлақ» акциясы табиғи мұраны сақтауға өз үлесін қосуға дайын жүздеген белсенді тұрғынның басын қосты. Табиғат – баршамыздың ортақ байлығымыз. Оны келер ұрпаққа аман жеткізу – бәріміздің міндетіміз, – деді өңір басшысы.

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов бұл акцияның экологиялық мәдениетті қалыптастыруға ықпал етіп, ел тұрғындарын су ресурстарына ұқыпты қарауға үндейтінін атап өтті.

Акция барысында қатысушылар бұлақ маңын қоқыстан тазартып, санитарлық тазалау жұмыстарын жүргізді және аумағын абаттандырды.

Баянауыл ауданындағы негізгі іс-шарадан бөлек, Май ауданындағы үш бұлақта да экологиялық іс-шаралар ұйымдастырылды. Жыл басынан бері «Мөлдір бұлақ» акциясы аясында өңірде 18 бұлақтың аумағы тазартылып, шамамен 80 тонна қоқыс шығарылды.

«Мөлдір бұлақ» акциясының екінші кезеңі бір мезгілде Қазақстанның 12 өңірінде өтті. Республика бойынша 58 бұлақ пен 35 су нысанының аумағы тазартылды. Экологиялық іс-шараларға 11 мыңнан астам адам қатысты.

 

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/pavlodar/press/news/details/1257217?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version