Аутизм спектрінің бұзылысы кезінде медициналық-әлеуметтік сараптама қалай жүргізіледі

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Аутизм спектрінің бұзылысы кезінде медициналық-әлеуметтік сараптама қалай жүргізіледі

Соңғы жылдары аутизм спектрінің бұзылысы (АСБ) бар балалар санының артуына байланысты медициналық-әлеуметтік сараптамаға (МӘС) қатысты сұрақтар жиілеп келеді. Әсіресе ата-аналарды «Аутизм диагнозы қойылса, мүгедектік автоматты түрде белгілене ме?» деген мәселе алаңдатады.
Ол мүмкін емес.

Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес медициналық-әлеуметтік сараптама диагноздың өзіне емес, ауру салдарынан организм функцияларының тұрақты бұзылуы нәтижесінде туындаған тіршілік әрекетінің шектелу дәрежесіне баға береді. Сондықтан аутизм диагнозының болуы өздігінен мүгедектік белгілеуге негіз болып саналмайды.

Медициналық-әлеуметтік сараптама барысында баланың:

өзіне-өзі қызмет көрсету қабілеті;

қарым-қатынас жасау мүмкіндігі;

мінез-құлқын бақылау деңгейі;

білім алуға және жаңа дағдыларды меңгеруге қабілеті;

әлеуметтік ортаға бейімделу деңгейі;

бөгде адамның тұрақты көмегіне мұқтаждық дәрежесі жан-жақты бағаланады.

Сараптама емдеуші дәрігердің жолдамасы негізінде ұсынылған медициналық құжаттар, сондай-ақ психиатр, психолог, невролог және өзге де бейінді мамандардың қорытындыларына сүйене отырып жүргізіледі. Сондықтан медициналық құжаттардың толық әрі сапалы рәсімделуі әділ әрі объективті сараптамалық шешім қабылдауда маңызды рөл атқарады.

Мүгедектік белгіленген жағдайда балаға оңалтудың жеке бағдарламасы (ОЖБ) әзірленеді. Бағдарламада медициналық, әлеуметтік, психологиялық-педагогикалық қолдау шаралары, сондай-ақ қажетті техникалық оңалту құралдары мен арнаулы әлеуметтік қызметтер айқындалады.

Мамандар ата-аналарға баланың даму ерекшеліктерін мүмкіндігінше ерте анықтап, дәрігерлердің ұсынымдарын тұрақты орындауға және оңалту шараларын үздіксіз жалғастыруға кеңес береді. Ерте диагностика мен кешенді қолдау баланың әлеуетін дамытуға, әлеуметтік бейімделуіне және өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Медициналық-әлеуметтік сараптаманың негізгі қағидаттары – заңдылық, объективтілік, ашықтық және азаматтардың құқықтарын сақтау. Осыған байланысты әрбір жағдай жеке қаралып, шешім тек қолданыстағы нормативтік құқықтық актілердің талаптарына және ұсынылған медициналық құжаттарға сәйкес қабылданады.

Есте сақтаңыз: аутизм спектрінің бұзылысы диагнозының қойылуы мүгедектік автоматты түрде белгіленеді дегенді білдірмейді. Сараптамалық шешім баланың функционалдық мүмкіндіктері мен тіршілік әрекетінің шектелу дәрежесін кешенді бағалау нәтижесінде қабылданады.

 

Тәжібекова Жансайра

4 МӘС бөлімінің бас маманы.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek-shymkent/press/news/details/1256659?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version