Ақтөбе қаласындағы Жилянка тұрғын алабындағы супермаркеттердің бірінің маңынан тауар түсіруге келген жүк көлігі айдап әкетілген.
Оқиға туралы хабарлама алған патрульдік полиция қызметкерлері дереу іздестіру жұмыстарын бастады. Көп ұзамай аталған жүк көлігі Ақтөбе – Хромтау автожолында анықталып, тоқтатылды. Көлік тізгінінде ер адам болған.
Күдіктінің айтуынша, ол балық аулауға бара жатқан. Аптап ыстықта жаяу жүргісі келмей, жолай тұрған жүк көлігіне отырған. Алдымен жүксалғышын ашпақ болғанымен, сәті түспеген. Кейін кабинаға кіріп, тұтандыру қосқышында тұрған кілтті байқап, көлікті оталдырып, жолға шыққан. Алайда діттеген жеріне жете алмай, жолда патрульдік полиция қызметкерлеріне ұсталды.
Аталған дерек бойынша көлік құралын заңсыз иелену фактісімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Ақтөбе облысы полиция департаменті жүргізушілерге көлікті қараусыз қалдырған кезде қозғалтқышты міндетті түрде сөндіріп, кілтті өзіңізбен бірге алып кетуді және есіктерін құлыптауды ескертеді. Қарапайым сақтық шаралары көлігіңіздің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көмектеседі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-aktobe/press/news/details/1257777?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау