Қазіргі таңда декларацияларды қарау барысында жеткізу шарттарына қатысты сәйкессіздіктер жиі анықталуда. Атап айтқанда, декларацияда көрсетілген Incoterms шарты сыртқы сауда шартының, инвойстың немесе тасымалдау құжаттарының мәліметтерімен сәйкес келмейтін жағдайлар кездеседі.
Еске сала кетейік, Incoterms халықаралық саудадағы сатушы мен сатып алушының міндеттерін, тәуекелдері мен шығындарын бөлу тәртібін белгілейді. Сонымен қатар, жеткізу шарттары кедендік құнды дұрыс айқындауда маңызды рөл атқарады, өйткені қандай шығындардың тауар бағасына енгізілгенін немесе енгізілмегенін анықтауға мүмкіндік береді.
Мысалы:
EXW (Ex Works) шарты бойынша сатушы тауарды өз қоймасынан немесе кәсіпорнынан береді. Ал тасымалдау, тиеу, сақтандыру және басқа да шығындарды сатып алушы көтереді. Сондықтан мұндай жағдайда кедендік құнды айқындау кезінде қосымша шығындардың бар-жоғы мұқият тексерілуі тиіс.
FOB (Free On Board) шарты бойынша сатушы тауарды жөнелту портында кеме бортына дейін жеткізу шығындарын көтереді. Ал теңіз тасымалы, сақтандыру және одан кейінгі шығындар сатып алушының міндетіне жатады. Егер тасымалдау шығындарын сатып алушы көтерсе, оларды растайтын құжаттар кедендік ресімдеу кезінде ұсынылуы қажет.
CIF (Cost, Insurance and Freight) шарты бойынша тауардың бағасына халықаралық тасымалдау және сақтандыру шығындары енгізіледі. Дегенмен декларант бұл шығындардың нақты енгізілгенін растайтын құжаттарды ұсынуы тиіс.
Тәжірибеде жиі кездесетін қателіктер:
- декларацияда көрсетілген жеткізу шартының келісімшарттағы мәліметтерге сәйкес келмеуі;
- тасымалдау шығындарын растайтын құжаттардың ұсынылмауы;
- статистикалық құн мен жеткізу шарттарының өзара сәйкес келмеуі;
- кедендік құнды қалыптастыратын шығындар бойынша түсіндірме құжаттардың болмауы;
- коммерциялық құжаттардағы мәліметтердің бір-біріне қайшы келуі.
Осындай жағдайларды болдырмау үшін декларацияны тапсырмас бұрын барлық құжаттарды мұқият тексеруді, жеткізу шарттарын дұрыс көрсетуді және кедендік құнды растайтын құжаттардың толық топтамасын алдын ала дайындауды ұсынамыз.
Қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауаптар берілді.
Сонымен қатар, тауарларға арналған декларацияны толтыру тәртібін бұзу жағдайлары бойынша да мәселелер қаралды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-gdu/press/news/details/1257587?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау