Абай облысында полиция қызметкерлері өзендер мен су айдындарының жағалауында профилактикалық рейдтерді күшейтті. Жазғы демалыс кезінде балалардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінуде.
Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторлар су жағалауындағы демалыс орындарын тексеріп, жасөспірімдермен және олардың ата-аналарымен түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Олар балалардың ересектердің қарауынсыз су айдындарының маңында болуының қауіпті екенін ескертеді.
Полиция қызметкерлері суға тек арнайы жабдықталған орындарда ғана түсуге болатынын еске салады. Белгісіз жерлерде суға сүңгуге, қалқыма белгілерден асып жүзуге, ескерту белгілерін елемеуге және құтқару құралдарын пайдаланбауға тыйым салынады.
Тыйым салынған орындарда шомылу – жалпы су пайдалану қағидаларын бұзу болып табылады және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін.
Рейд барысында ата-аналарға ерекше назар аударылуда.
«Қайғылы жағдайға бірнеше секундтың өзі жеткілікті. Балаларды су жағасында аз уақытқа болса да қараусыз қалдырмаңыздар. Ересектердің тұрақты бақылауы олардың өмірін сақтап қалуы мүмкін», – деп ескертті полиция.
Өзендер мен су айдындарының жағалауындағы профилактикалық рейдтер жаз мезгілі бойы жалғасады.
Абай облысы Полиция департаменті ата-аналарды кәмелетке толмағандардың бос уақытын бақылауда ұстап, балаларға судағы қауіпсіздік ережелерін алдын ала түсіндіруге шақырады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-abay/press/news/details/1255986?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау