Қарағанды облысында өнеркәсіптік қауіпсіздікті арттыру шаралары талқыланды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қарағанды облысында өнеркәсіптік қауіпсіздікке бақылау күшейтілуде. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың төрағалығымен өткен кеңесте кәсіпорындарды тексеру қорытындылары шығарылып, өндірістік тәуекелдерді азайту жолдары талқыланды.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Марғұлан Аманбаевтың айтуынша, жыл басынан бері мамандар 69 тексеру жүргізіп, үш мыңнан астам нысанды зерделеген. Бақылау қорытындысы бойынша өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге және ықтимал тәуекелдердің алдын алуға бағытталған қажетті ден қою шаралары қабылданды.

Өндірісті жаңғырту және заманауи бақылау жүйелерін енгізу жұмыстары туралы ірі компаниялар мен кеніштердің өкілдері баяндады.

Qarmet өндірісті жаңғыртуға бағытталған ауқымды бағдарламаны іске асыруда. Металлургиялық комбинатта кешенді техникалық қайта жарақтандыру кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Вагон аударғыштар мен қож тасымалдаушы вагондар паркі жаңартылуда, шаңды басудың заманауи жүйелері енгізілуде, жаңа кокс батареялары, сұрыпты илемдеу кешені, ыстықтай мырыштау және полимерлі жабындар цехы салынуда.

Кәсіпорынды газдандыру негізгі жобалардың біріне айналды. Өткен жылы Qarmet домна өндірісін толықтай табиғи газға көшірді. Бұл технологиялық үдерістердің тиімділігін арттырып, қоршаған ортаға түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік берді.

Сонымен қатар өндірістік инфрақұрылым да жаңартылуда: өндірістік ғимараттар мен құрылыстар жөнделіп, инженерлік желілер жаңғыртылуда, қаңылтыр илемдеу цехының шатырына күрделі жөндеу жүргізілуде және өндірістің сенімділігі мен тиімділігін арттыруға бағытталған өзге де жобалар жүзеге асырылып жатыр.

Karaganda Komir шахталарында да жабдықтарды жаңарту жұмыстары жалғасуда. Компания өкілінің мәліметінше, жыл басынан бері шамамен 500 бірлік жаңа техника сатып алынған. Олардың қатарында қазу комбайндары, электровоздар және конвейерлік жүйелер бар. Сонымен қатар цифрлық технологияларға басымдық берілуде. 

Тәулік бойы жұмыс істейтін диспетчерлік-талдау орталығы шахталардағы жағдайды, соның ішінде метан мөлшерін үздіксіз бақылауда ұстайды. Кеншілерді даярлау үшін түрлі төтенше жағдайларда іс-қимыл жасау дағдыларын пысықтауға мүмкіндік беретін VR-тренажерлар қолданылады.

Кеңесті қорытындылаған Ермағанбет Бөлекпаев өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарды формалды түрде орындаумен шектелмей, тұрақты профилактикалық жұмысты талап ететінін атап өтті.

— Ең алдымен бұл – сіздердің жауапкершілік аймақтарыңыз! Апаттық жағдайлардың туындау қаупін барынша азайту қажет. Әрбір кәсіпорын өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелерімен жүйелі түрде айналысып, ықтимал қауіп-қатерлерді дер кезінде анықтап, қажетті шараларды қабылдауы тиіс. Өйткені бұған адамдардың өмірі мен денсаулығы тікелей байланысты, — деді өңір басшысы өнеркәсіп кәсіпорындарының басшыларына.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1257540?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version