Қарақия ауданының Құрық ауылында инфрақұрылымды жаңғырту бағытындағы маңызды жоба сәтті аяқталып, сыйымдылығы 2000 текше метрді құрайтын екі бірдей су резервуары ресми түрде пайдалануға берілді. Жергілікті тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған бұл ауқымды нысанның құрылыс-монтаж жұмыстарын бас мердігер «ТехИнСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жоғары кәсіби деңгейде жүргізді. Келісімшарт құны 350 миллион теңгені құрайтын жоба шеңберінде инженерлік желілер толықтай іске қосылып, бүгінде нысан халық игілігіне қызмет етуді бастап кетті.
Жобаның басты ерекшелігі-осы уақытқа дейін орталықтандырылған су жүйесінен тыс қалып келген «Баутино» және «Карьер» көшелеріне ұзындығы 2 шақырымды құрайтын жаңа су құбыры тартылып, әрбір шаңыраққа тіршілік нәрін жеткізуге мүмкіндік туды. Нысан басына арнайы жеткізіліп, талапқа сай монтаждалған екі алып резервуар Құрық ауылының су балансын реттеуде стратегиялық маңызға ие.
Жобаның негізгі мақсаты-Құрық ауылының күрделі жер бедеріне байланысты жоғары нүктелерде орналасқан шағын аудандарды сорғыш қондырғылардың көмегінсіз, табиғи қысыммен үздіксіз ауыз сумен қамтамасыз ету болатын. Инженерлік есептер мен заманауи технологиялардың үйлесімі арқасында бұл міндет толықтай орындалып, осы аптадан бастап жоғары шағын аудандардың тұрғындары үздіксіз суға қол жеткізді.
Мемлекеттік бағдарламалардың тиімді жүзеге асуының нәтижесінде бұрын арнайы бекітілген қатаң график бойынша, шектеулі уақытпен беріліп келген су мәселесі біржолата шешімін тапты. Бүгінде ауыл тұрғындарының тоқтаусыз әрі сапалы тіршілік нәрімен қамтылуы жергілікті жұртшылықтың зор ризашылығын тудырып отыр.
Қарақия ауданы әкімдігінің баспасөз
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimat-karakiya/press/news/details/1256125?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау