Жалағаш ауданындағы «Руханият» орталығында Ардагерлер кеңесінің төрағасы Әмірбек Шаймағамбетовтың бастамасымен «Ұрпақтар сабақтастығы және ұлттық құндылықтар» тақырыбында қала және аудандық ішкі істер органдарының Ардагерлер кеңесі төрағаларының көшпелі отырысы өтті. Іс-шараға Полиция департаментінің басшылығы, ішкі істер органдарының ардагерлері, қала және аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағалары қатысты. Көшпелі отырысты Қызылорда облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Омаров Оралбек Тәубақабылұлы ашып, ардагерлер ұйымының қызметін жетілдіру, ардагерлерді әлеуметтік қолдау, олардың қоғамдық өмірдегі белсенділігін арттыру және өскелең ұрпақты отансүйгіштік пен адамгершілік құндылықтарға тәрбиелеу бағытындағы бірлескен жұмыстардың маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар ардагерлердің өмірлік тәжірибесі мен тағылымын кейінгі буынға насихаттау – баршаның ортақ міндеті екенін атап өтті. Отырыс барысында Ардагерлер кеңесінің төрағасы Әмірбек Шаймағамбетов ардагерлер ұйымдарының атқарған жұмыстары мен алдағы міндеттерге тоқталып, олардың қоғамдағы рөлін арттыру, жастар тәрбиесінде олардың тәжірибесін кеңінен пайдалану және ұрпақтар сабақтастығын нығайту бағытындағы жұмыстардың маңызын атап өтті. Сондай-ақ қатысушылар тәлімгерлік институтын дамыту, ардагерлерді әлеуметтік қолдау және алдағы кезеңге арналған бірлескен жұмыстардың басым бағыттарын талқылап, өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Кездесу ардагерлер ұйымдарының өзара ынтымақтастығын нығайтуға, тәжірибе алмасуға және жас қызметкерлерге тағылымды тәрбие беру бағытындағы жұмыстарды одан әрі жетілдіруге ықпал етті.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-kyzylorda/press/news/details/1256917?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау