Сарыағаш ауданында халықтың денсаулығын сақтау, медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігін арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Осы мақсатта аудан көлемінде бірқатар денсаулық сақтау нысандарының құрылысы жүргізіліп жатыр.
Осыған орай, Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев Жартытөбе және Көктерек ауылдық округтерінде салынып жатқан медициналық нысандардың құрылыс барысымен танысып, атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы мен мерзімінде орындалуын бақылауға алды.
Құрылыс алаңдарын аралау барысында аудан басшысы нысандардың сапалы әрі белгіленген мерзімде пайдалануға берілуінің маңыздылығына тоқталып, мердігер мекемелерге құрылыс қарқынын күшейту, жұмыстарды құрылыс талаптарына сәйкес жоғары деңгейде орындау жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді. Сонымен қатар, бұл нысандардың ауыл тұрғындары үшін әлеуметтік маңызы ерекше екенін атап өтті.
Жұмыс сапарын қорытындылау барысында аудан әкімі Жартытөбе ауылдық округінің әкіміне құрылыс жұмыстарының ұйымдастырылуына қатысты бірқатар сын-ескертпелер айтып, анықталған кемшіліктерді қысқа мерзімде жоюды тапсырды.
Қазіргі таңда Жартытөбе ауылдық округіне қарасты Бостандық елді мекенінде салынып жатқан медициналық нысанда ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Алдағы кезеңде ғимараттың сыртқы қасбетін қаптау және аумағын абаттандыру жұмыстары қолға алынбақ.
Көктерек ауылдық округінің Дархан елді мекенінде бой көтеріп жатқан фельдшерлік-акушерлік пунктте кірпіш қалау жұмыстары толық аяқталған. Қазіргі уақытта ішкі сылақ жүргізу және еденнің негізін дайындау жұмыстары жүргізілуде.
Аталған жобалар толық аяқталып, пайдалануға берілгеннен кейін ауыл тұрғындары алғашқы медициналық-санитариялық көмекті өз елді мекенінде алып, заманауи талаптарға сай сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз етілетін болады.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-saryagash/press/news/details/1256792?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау