«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН»: ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ТӘРТІПТІ КҮШЕЙТУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Шымкентте «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы мен «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру мәселелеріне арналған ведомствоаралық жиын өтті. Басқосуға қалалық прокуратура, Полиция департаменті, Экология департаменті, Жайлы ортаны дамыту басқармасы, төтенше жағдайлар қызметі, өзге де мемлекеттік органдар мен еріктілер ұйымдарының өкілдері қатысты.

Жиында 2026 жылдың алғашқы алты айында атқарылған жұмыстардың қорытындысы шығарылып, алдағы кезеңге арналған міндеттер айқындалды. Мемлекет басшысы мен Бас прокурордың тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» ұлттық жобасы аясында қалада мобильді топ тұрақты жұмыс жүргізіп келеді. Оның құрамына прокуратура органдары, әкімдік, полиция, экология департаменті, төтенше жағдайлар департаменті, Жайлы ортаны дамыту басқармасының өкілдері және қоғам белсенділері енген.

Мобильді топтың негізгі мақсаты тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қала аумағын қоқыстан тазарту, заңсыз қоқыс төгу фактілерінің алдын алу және қоршаған ортаны ластаған азаматтарды заң аясында жауапкершілікке тарту. Қазіргі таңда топтың жұмысы жүйелі түрде жалғасып, әр мекемеге өз құзыреті шегінде нақты тапсырмалар жүктелген.

Жиында келтірілген мәліметтерге сәйкес, биылғы жылдың І жартыжылдығында 576 рейдтік іс-шара ұйымдастырылып, нәтижесінде 23 152 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Заңсыз қоқыс төгуге қарсы күрес барысында 188 автокөлік ұсталып, құқық бұзушыларға жалпы сомасы 59,6 миллион теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынған.

Сонымен қатар, «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясының геоақпараттық жүйесі арқылы анықталған 31 заңсыз қоқыс орны толықтай жойылды. Бұл заманауи технологияларды пайдалану арқылы экологиялық бақылаудың тиімділігі артып келе жатқанын көрсетеді.

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында өткен сенбіліктер мен тазалық шараларына 230 мыңға жуық тұрғын қатысып, 1438 арнайы техника жұмылдырылды. Нәтижесінде қала аумағынан 2 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды.

Шымкент қаласы Жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы Оңғар Әбілқайыр атқарылып жатқан жұмыстардың тек тазалықпен шектелмейтінін атап өтті.

– «Таза Қазақстан» жобасы аясында қалада қоғамдық демалыс орындары ашылып, жаңа саябақтар салынды. Өзен арналары абаттандырылып, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Бұл жұмыстардың барлығы Шымкент қаласы әкімінің тапсырмасына сәйкес кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Қаланың тазалығы мен көркеюі тек мемлекеттік органдардың ғана емес, әрбір тұрғынның ортақ жауапкершілігі», – деді басқарма басшысы.

Жиын қорытындысында мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды күшейту, экологиялық құқық бұзушылықтардың алдын алу, мобильді топтың жұмысын жандандыру және қала аумағының санитарлық тазалығын қамтамасыз ету бойынша нақты тапсырмалар берілді.

Қатысушылар «Таза Қазақстан» жобасының басты мақсаты тек қоқыс жинаумен шектелмейтінін, ең маңыздысы – қоғамда экологиялық мәдениет пен заңға құрметті қалыптастыру екенін атап өтті. Осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/shymkent-ishki-sayasat/press/news/details/1257113?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version