Қазіргі таңда республикалық маңызы бар «Цитадель» қамалының шығыс қақпасы мен шығыс мұнарасы аралығындағы зақымданған бөліктерді қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Уақыт өте келе пайда болған жарықтар мен сылақ қабатының бүлінуіне байланысты ғылыми-реставрациялық жұмыстар қолға алынған.
Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Ерлан Дәкеновпен бірге Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен «Цитадель» қамалындағы реставрациялық жұмыстардың барысын зерделеді.
Аталған жұмыстарды «Қазқайтажаңарту» республикалық мемлекеттік кәсіпорны жүзеге асыруда. Нысанда қауіпсіздік шаралары толық қамтамасыз етіліп, жобаны биыл қараша айында аяқтау жоспарланып отыр.
Аралау барысында қала басшысы сала мамандарымен тарихи нысандарды қалпына келтіру жұмыстарының барысы, қолданылып жатқан әдістер мен технологиялар, сондай-ақ ескерткіштердің түпнұсқалық келбетін сақтау мәселелерін талқылады. Қала әкімі реставрация кезінде тарихи нысандардың сәулеттік ерекшеліктеріне аса жауапкершілікпен қарап, әрбір жұмыстың ғылыми талаптарға сай орындалуын тапсырды.
Түркістанның ғасырлар бойы қалыптасқан тарихи келбетін қорғау, құнды ескерткіштерді қалпына келтіру және оларды келер ұрпаққа жеткізу бағытындағы жұмыстар тұрақты бақылауда болмақ.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-kalasy/press/news/details/1256902?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау